Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Оның айтуынша, әлемде соңғы аптада коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың саны 20%-ға төмендеді.
215 елдің 180-інде сырқаттанушылықтың төмендеуі, оның ішінде Америкада 46%-ға, Израильде, Арменияда 45%-ға, Чехияда 32%-ға, Ұлыбританияда 23%-ға, Түркияда 11%-ға, Австрияда, Ресейде 9%-ға төмендеуі байқалады, - деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.
Сонымен қатар әлемнің 35 елінде аурудың өсуі жалғасуда.
Оның ішінде Малайзияда 1,4 есе, Қытайда 1,3 есе, Таиландта 1,2 есе өскен. Әлемдік рейтингте соңғы айда 1 млн халыққа шаққанда Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 5 сатыға жақсарды және 120-орында тұр. Өлім-жітім бойынша көрсеткіш 6 сатыға жақсарды және 225 орыннан 108-орынға түсті, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, министр бұған дейін елде коронавирус инфекциясын жұқтырудың орташа тәуліктік саны 34 есе азайғанын айтқан болатын.