Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Оның айтуынша, соңғы екі аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық деңгейі 2,4 есе өскен.
Бұл ретте аурудың ең көп өсуі 5 өңірде, атап айтқанда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Аталған аймақтарда індет 6,0 есеге өскен, - деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.
Сонымен қатар ол сырқаттанушылықтың өсу қарқынына тоқталды.
Сырқаттанушылық 7 өңірде: Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарында және Алматы қаласында 2,0-ден 6,0 есеге дейін өсті. 5 өңірде: Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында өсім 2,0 есеге дейін – байқалады, - деді ведомство басшысы.
Денсаулық сақтау министрі орын алған эпидахуалға байланысты қандай іс-шаралар атқарылуы тиістігін ескертті.
Жергілікті атқарушы органдар халықтың арасында коронавирус инфекциясының вакцинациялау, маска режимі, қол жуу секілді алдын алу шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруы қажет. Осы жұмысқа барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, қоғамдық ұйымдарды тарту керек, - деді ол.