COVID-19. Нұр-Сұлтан бойынша жалпы 594 бала вирус жұқтырған

29 Қыркүйек 2020, 13:11
1590
Бөлісу:
COVID-19. Нұр-Сұлтан бойынша жалпы 594 бала вирус жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Прәлиева елорда бойынша қазіргі эпидемиологиялық жағдайға қатысты өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде айтты.


КВИ тіркеудің барлық кезеңінде барлығы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген – 594 жағдай (4,2%) болса, оның ішінде 252-сі симптомды (42%),  342-сі  симптомсыз (58%). 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында – 75 жағдай немесе жалпы сырқаттанушылықтың 0,5%-ы (31-і симптомдармен (41%), 44-і симптомсыз (59%). Бұл балалардың дені үйде КВИ науқастарымен тығыз байланыста болған. Маусым айында мектеп жасына дейінгі балалар арасында асимптоматикалық ағымдармен 3 жағдай тіркелді, - деді Жанна Прәлиева. 

Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті білім беру нысандарында карантиндік шаралардың сақталуына мониторинг жүргізеді.

Қалада барлығы 91 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 78 мемлекеттік, 12 жеке меншік және 1 мамандандырылған мектеп бар. Мониторингпен 100% қамтылды. Мониторинг барысында 31 мектепте (34,0%) бұзушылықтар анықталды, мектеп директорының өзі және оқытушылар құрамы, сондай-ақ, оқушылардың ата-аналары маска тағу талаптарын сақтамағаны анықталып, мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді дәрігер.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, 2020 жылғы 17 тамыздан бастап КВИ тіркеудің төмендеуіне байланысты шектеу және карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету басталғанымен, субъектілер де, жеке тұлғалар арасында да әлеуметтік қашықтықты ұстану, бетперде тағу шараларын сақтамайтындар кездеседі.

Департаменттің аудандық басқармалары шектеу және карантин шараларын енгізу кезеңінде жалпы сомасы 122 526 468 теңгеге 550 айыппұл салды. Оның ішінде 246 жеке тұлғаларға қатысты 11 892 618 сомаға, ал  304 кәсіпкерлік субъектісі 110 633 850 сомаға айыппұл  салынды. Қоғамдық тамақтану объектілерінің, ойын-сауық мекемелерінің иелері бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, шектеу және карантин шараларын сақтамай, өз қызметін жүзеге асыруды жалғастыруда. Кәсіпкерлік субъектілер арасында карантин режимін бірнеше рет бұзғандар бар. Мысалы, Тұран даңғылы, 2 бойында орналасқан  «AuraclubAlanya» түнгі клубы шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін сегіз рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды, атап айтқанда, мұнда белгіленген жұмыс режимі мен маска режимі, әлеуметтік қашықтық сақталмайды, келушілер 30-50 адамнан асады, сондай-ақ, тыйымға қарамастан түнгі клуб пен караоке-залдардың жұмысы тоқтатылмаған, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы