COVID-19. Елорда "сары" аймаққа кірді - әкім

11 Қараша 2020, 22:35
1373
Бөлісу:
COVID-19. Елорда "сары" аймаққа кірді - әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Covid-19 індетін жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты елорда "сары" аймаққа өтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өз инстаграм парақшасында жазды.

Covid-19 індетін жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты қала "сары" аймаққа өтті. Бұл қазіргі кезеңде карантинді жеңілдету қажет емес екенін білдіреді. 11 қарашада 47 жағдай тіркелді. Шағын және орта бизнес нысандары кезек-кезекпен жабылмауы, қала аумағы бойынша блок-бекеттер орнатылмауы және қаланың жабылмауы үшін әр тұрғын жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінуі керек. Жедел штаб отырысында негізгі мәселелер қаралды - деп жазды әкім.

Ол осыған байланысты бірнеше мәселені атады. 

Бірінші. Полиция қызметкерлері мен санитарлық дәрігерлер рейдтерді күшейтуге және карантинді бұзу фактілерін анықтауға көшті. Бұл санитария ережелерін сақтамай, бүкіл қаланың өміріне қауіп төндіретін немқұрайлы кәсіпкерлер үшін сигнал болуы шарт.

Түнде ойын-сауық мекемелерінде жүрген ереже бұзған азаматтар әсіресе егде жастағы тұрғындардың денсаулығына қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқандарын әлі түсінбей келеді.

Екінші. Медициналық мекемелер қосымша жабдықтармен, қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмектермен және т.б. жабдықталған. Материалдық-техникалық база дайын, бірақ бір мезетте жағдай ушығып кетсе дәрігерлер барлық науқастарға жетпейді.

Үшінші. ПТР-зерттеумен көбірек қамту үшін көпбейінді қалалық ауруханалардың қабылдау бөлмелерінде және стационарлардың акушерлік блоктарында изотермиялық шағын-зертханалар ашылды. Бұл шұғыл түрде түскен пациенттер арасында коронавирустық инфекция тасымалдаушыларын анықтауға және уақтылы ем көрсетуге мүмкіндік береді.

Төртінші. КВИ-ға биоматериал алу зертханаларының саны 15-ке дейін артты. Зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 10 мыңнан астам зерттеуді құрайды.

Бесінші. Барлық қалалықтарға қызмет көрсететін автобус парктері, шаһарды санитарлық тазалаумен және абаттандырумен айналысатын коммуналдық кәсіпорындар, сондай-ақ қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандар (ЖЭО, Астана су арнасы, Астана-АЭК және т.б.) ерекше бақылауға алынды. Қызметкерлерді жиі тексеріп отырамыз.

Тестілеу арқылы қамтуды кеңейте отырып, біз Covid-19 таралуының нақты көрінісін көреміз және ошақтарды тез арада оқшаулай аламыз. Шет елден індетті жұқтырып елге оралғандардың саны артып келеді. Мүмкіндігінше сапарлар санын қысқартуға, жаппай іс-шараларды өткізбеуге және қатыспауға, санитария нормаларын қатаң сақтауға кеңес береміз, - деп жазды Алтай Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы