Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "КВИ бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.
Біздегі мәлімет бойынша, 51 медицина қызметкері қайтыс болды. Олардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Мемлекет басшысы 13 шілдеде қаза болғандардың барлығын мемлекеттік наградалармен марапаттады, 42 медицина қызметкері марапатқа ие болды, - деді ол.
Тимур Сұлтанғазиев коронавирусқа шалдыққан немесе індет салдарынан қаза болған медицина қызметкерлеріне төленетін әлеуметтік өтемақыға қатысты ойын айтты.
Өтемақы бөлігі бойынша әрбір жағдайды қарайтын тиісті механизм бар. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрліктерінің бұйрығына сәйкес, жүргізілетін тиісті шаралар бар, яғни, әр өңірде әрбір жағдайды жеке тексеріп қарайтын комиссия аурудың себептері мен өлімнің неден болғанын анықтайды. Содан кейін бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігіне жібереді. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мәліметтерді аймақтардан жинап, салыстыра отырып тексеру жүргізуде. Барлық мәліметтер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тиісті әлеуметтік төлем жасау үшін Еңбек министрлігіне жіберіледі, - деді комитет төрағасы.
Тимур Сұлтанғазиев бұған дейін елімізде 306 науқастың жағдайы ауыр екенін айтқан болатын болатын.