CОVID-19-дан жазылған адамдардың 20%-ында постковид синдромы кездеседі

17 Ақпан 2021, 17:17
1593
Бөлісу:
CОVID-19-дан жазылған адамдардың 20%-ында постковид синдромы кездеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ішкі аурулар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сәуле Қасенова айтты.

Постковид синдромы немесе ковидтен кейінгі асқынулар CОVID-19-дан жазылған адамдардың шамамен 20%-да кездеседі. Ол ұзақ мерзімді және 12 аптаға созылуы мүмкін. Ал 2,3% жағдайда науқас ұзақ уақыт зардап шегеді. Жалпы ұзақ мерзімді белгілердің ішінде медицина қызметкерлері тұрақты жөтел, субфебрильді температура, ентігу, әлсіздік, кеудедегі ауырсыну немесе қаттылық, жүрек соғысының жиілеуі, бас ауруы, дәм/иіс жоғалуы, бас айналу, есте сақтау қабілетінің жоғалуы, көңіл-күйдің өзгеруі, ұйқының бұзылуы, делирий (қарттар) және психикалық денсаулықтың бұзылуын (мысалы, мазасыздық, депрессия) байқаған, - дейді дәрігер. 

Оның айтуынша, постковидтің симптомдарын үш топқа бөлуге болады. 

Біріншісі - тыныс алу жүйесі белгілері. Тыныс алу жеткіліксіздігі, өкпеде қабыну процесі. Бұл жерде жөтел де, ентігу де күшейеді, жаттығу кезінде ауа жетіспейді. Ал импульстік оксиметр қалыпты болады. Екінші - әлсіздік. Адам жата бергісі келеді, күші жоқ. Үшіншісі - жүйке жүйесінің зақымдануы, психикалық бұзылулар, ұйқының бұзылуы, дәм мен иіс жоғалуы, ойлау қабілетінің бұзылуы, есте сақтау қабілетінің бұзылуы, - деп түсіндірді профессор.

Маман баяндама барысында тыныс алу жолдарының инфекциясын, соның ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырып алмас үшін маска тағып, қолды үнемі сабынмен жуу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, сондай-ақ стресстен сақ болу  және спортпен шұғылдану керегін еске салды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, дәрігер респираторлық инфекциялардың 200-ден астам қоздырғышы бар екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы