Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пандемия бүкіл әлемді біраз әуре-сарсаңға салды. Күн сайын науқастанғандар мен көз жұмғандар саны артып келеді. Еуропа елдерінде коронавирустың таралуына қатысты қазіргі ахуалға көз жүгіртсек.
Ұлыбритания жаңа қайғылы рекорд орнатты. Диагноз қойылғаннан кейін 28 күн ішінде тағы 1 325 адам коронавирустан қайтыс болды. Пандемия басталғаннан бері коронавирустың салдарынан барлығы 80 000 адам қайтыс болды. Осының аясында ел билігі үшінші коронавирустық вакцина, америкалық Moderna компаниясының екпесін жедел сертификаттауға рұқсат берді.
Ал Украина православие күнтізбесі бойынша Рождество мерекесін өткізгеннен кейін келесі күні локдаун жариялады. Мерекелік демалыстардан кейін індетті жұқтырғандардың саны күрт өсуі мүмкін деп болжануда.
Сонымен қатар Португалияда 15 күндік төтенше жағдай режимі енгізілді. Тұрғындарға демалыс күндері барлық сапарға тыйым салынды және елдің көп бөлігінде коменданттық сағат ұзартылды.
Желтоқсан айының соңында қатаң карантин енгізілген Чехияның Денсаулық сақтау министрі Ян Блатный екпе алғаннан кейін адамдар індетті жұқтыра алмайды деген сөзінен бас тартып, бұған нақты дәлелдердің жоқтығын мәлімдеді.
Сондай-ақ Франциянын Туризм министрінің орынбасары Жан-Батист Лемуан 20 қаңтарға дейін елде эпидемиологиялық жағдай жақсарса, тау шаңғысы курорттарының жұмысы іске қосылатынын хабарлады. Бұған дейін Франция премьер-министрі Жан Кастекс мейрамханалар кем дегенде ақпанның ортасына дейін жабық болатынын, ал тау шаңғысы курорттары ақпан айындағы оқушылар демалысына дейін жұмыс істемейтінін айтқан. Өйткені елде індет өте тез таралып, ауруханалар науқастардың ағынына төтеп бере алмауда.
Швеция парламенті жұма күні COVID-19 таралуын тоқтату мақсатында ел үкіметіне жаңа өкілеттіктер беретін пандемия туралы заң қабылдады. Швеция ешқашан локдаун енгізбеген болатын, бірақ соңғы айларда, коронавирус инфекцияның екінші толқыны елде індетті жұқтырғандардың саны болжалған саннан әлдеқайда көп тіркелді. Жексенбіден бастап күшіне енетін жаңа заң бойынша Үкімет кәсіпорындарды, сауда орталықтарын жауып, қоғамдық көліктің жұмысын тоқтата алады.