Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абақтының ар жағында отырып, арнаулы білім ала алмай, темір торға тоғытылған жандар ҚАЖ мекемелерінде кәсіптік білім алып, мамандық игеруде.
Жуырда Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жүрген 63 азамат арнаулы білімін дәлелдейтін құжат алды. Газэлектрдәнекерлеуші, тігінші, ағаш ұстасы мамандықтары бойынша кәсіби сауатын арттырған сотталғандар енді тұрақты жұмысқа тұрып, жалақы алу мүмкіндігіне ие болады.
Қызылорда қаласында М.Ықсанов атындағы "Қызылорда құрылыс және бизнес" және "Қызмет көрсету және сервис" колледжінің мекемеде ашылғанына биыл жетінші жыл.
Жеті жылда әр түрлі мамандық бойынша 300-ден астам сотталған диплом алған.
Мамандықтары бойынша диплом алған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындарды өтеуге мүмкіндіктері бар. Бұл азаматтар жақсы оқығаны үшін ай сайын 27 мың көлемінде шәкіртақы алып тұрды. Сотталғандардың жеке істері бойынша атқару парақтары болса, шәкіртақысынан белгіленген сома ұсталып отырды. Сотталғандардың туыстары үшін материалдық қолдау көрсету үшін, жеке басына қатысты қажетті заттарды сатып алу үшін шәкіртақысын пайдалануға мүмкіндік берілді, - деді мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі С.Тоқтамысов.
"Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу" мамандығы бойынша диплом алған жазасын өтеуші 10 ай бойы мамандық игеріп қана қоймай, ай сайын шәкіртақы да алып тұрғанын айтады.
Бізді қоғамнан сотталған деп бөлмей, жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға жағдай жасап, білім алуымызға, мамандық иесі атануымызға мүмкіндік жасап отырған мекеме әкімшілігіне алғысымды білдіремін. Осы мамандықты 10 ай оқып игердім, ай сайын 27 500 теңге шәкірақы алып тұрдым, бостандыққа шыққан соң да осы мамандығым бойынша кәсіп ашып, өзімді одан әрі дамытамын, - деді.
Қолдарына диплом алған 63 азамат тек темір тордың аржағында ғана емес, бостандықта да алған білімімен жұмысқа орналаса алады.