Астанада өткен Kazneftegazservice-2026 конференциясында Chevron Direct Investment Fund басшысы Джон Дорфельд Қазақстанда инвестициялық белсенділікті арттыру жоспарлары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы жылдары қалған шамамен 130 млн долларды нарыққа бағыттауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде биыл 75 млн доллар, келесі жылы 60 млн доллар инвестиция салу көзделген, – деді қор басшысы.
Дорфельдтің сөзіне қарағанда, қордың негізгі бағыты – жұмыс істеп тұрған және кеңеюге дайын бизнесті қолдау.
Біз стартаптар мен идеяларға емес, нақты жұмыс істеп тұрған, өсімге дайын компанияларға инвестиция салуға мүдделіміз, – деді ол.
Оның атап өтуінше, инвестициялар өндіріс, құрылыс және өнеркәсіптік жобаларға басымдықпен бағытталуы мүмкін.
Сонымен қатар қор қаржыландырудың қарапайым моделін ұстанады.
Біз күрделі қаржылық құралдарды қолданбаймыз. Негізгі тәсіл – ақшаға үлес (equity). Компания инвестиция алып, дамиды, ал біз белгілі бір кезеңнен кейін жобадан шығамыз, – деді Дорфельд.
Оның айтуынша, қор компанияны толық бақылауға алуды мақсат етпейді.
Біз бизнесті басқаруға араласуды көздемейміз. Әдетте 3–7 жыл аралығында серіктестік орнатып, кейін инвестициядан шығамыз, – деді ол.
Бұдан бөлек, Chevron қоры өңірлік басымдықтарды да айқындап отыр.
Chevron компаниясының Қазақстандағы тарихы Батыс өңірлерден басталған. Алайда осы аймаққа жеткілікті деңгейде инвестиция сала алмадық. Сондықтан алдағы уақытта Батыс Қазақстанға басымдық бергіміз келеді, – деді қор басшысы.
Оның сөзінше, Атырау және Ақтөбе өңірлеріндегі жобалар ерекше назарда болады.
Бүгін Астанада «Қазмұнайгазсервис-2026» конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын KazService одағының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Шетелдік ірі компания Қазақстанда инженерлер дайындай бастады.