Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Подгорицада қала басшылығының, Черногория СІМ және басқа да ведомстволары, қоғам және іскер топтары өкілдерінің, дипломаттар мен журналистердің қатысуымен Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Подгорица қаласының мэрі Иван Вукович жаңа өкілдіктің ашылуын құптап, қазақстандықтарды мемлекеттік мереке – Астана күнімен құттықтады. Туристік, іскерлік және мәдени алмасулардың дамуына Нұр-Сұлтан мен Подгорица арасында тұрақты тікелей әуе қатынасының ашылуы ықпал еткені атап өтілді. Қала басшысы екі елорда арасында бауырластық байланыс орнатуға қызығушылық білдірді.Өз кезегінде Қазақстанның Хорватиядағы және Черногориядағы елшісі Төлежан Барлыбаев И. Вуковичті Черногорияның келе жатқан Мемлекеттілік күнімен құттықтап, оған тәуелсіздігіміздің символы болып табылатын «Алтын адам» мүсіншесін табыс етті. Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қатынастардың 15 жылдығы қарсаңында (2006 жылғы 14 шілдеде орнатылған) екіжақты ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілгені атап өтілді. Жақында өткен сімаралық консультациялар және 2021-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қою екі елдің сыртқы саяси ведомстваларының өзара ықпаладастығын жандандыруға ықпал етті. Черногория тарапының қазақстандықтар үшін біржақты тәртіппен уақытша визасыз режим ұсыну шешімі де маңызды қадам болды.
Қазақстанның Черногория астанасында екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы алғашқы өкілдігінің ашылуының маңыздылығын атап өтіп, елші Т. Барлыбаев Құрметті консул Горан Джукановичті тағайындалуымен құттықтап, оған жоғары награда – Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының «Абай медалін» табыс етті және оның екіжақты байланыстарды дамытуға, Черногориядағы қазақ мәдениетін танымал етуге қосқан қомақты жеке үлесін атап өтті.
Өз кезегінде Г. Джуканович Құрметті консулдық қазақстандық азаматтарға жедел көмек көрсету, сондай-ақ туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға жәрдемдесу мақсатында ашылғанын мәлімдеді және теңіз жағалауындағы Будва қаласында оның өкілдігі ашылатынын айтты.
СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ашылу рәсімі аясында черногор тілінде жарық көрген Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының және Абай Құнанбайұлының таңдамалы шығармалар жинағының таныстырылымы, сондай-ақ Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтан қаласына арналған фотосуреттер көрмесі өтті.
Сол күні Қазақстан елшісінің Черногория үкіметі мен парламенті, Подгорица мэриясының басшылығымен келіссөздері, Черногорияның ұлттық телеарнасында сұхбаты өтті.