"Қайрат" Чемпиондар лигасында Реал Мадридке қарсы тарихи ойында негізгі қақпашысынан айырылды. Енді 18 жастағы Шерхан Қалмұрза қақпаны қорғауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ASNews.kz (BorodAbata) дерегіне сілтеме жасап.
"Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы тарихи дебюті қарсаңында команда ауыр соққыға тап болды – негізгі қақпашы Темірлан Анарбеков жарақат алып қалды. Енді қақпада 18 жастағы Шерхан Қалмұрза тұруы мүмкін. Бұл оның бірінші лигадағы ойындардан бірден еуропалық футболдың элитасына қадам басуы болмақ.
Тәжірибелі форвард Жоао Пауло жас қақпашының бұл сынақты еңсере алатынына сенімді.
Темірланда бәрі жақсы болады деп үміттенеміз. Жарақаты ауыр болмайды деп тілеймін. Ал Шерханға сенеміз бе? Әрине! Ол "Спортингке" де, одан да мықты қарсыласқа да қарсы ойнауға дайын, – деді бразилиялық футболшы.
Анарбеков Кәсіпқой футбол лигасының "Ақтөбеге" қарсы ойынында жарақат алып, алаңнан зембілмен шыққан еді. Оның орнына Қалмұрза жедел түрде ойынға қосылды және қазір бүкіл мансабындағы басты мүмкіндігіне ие болуы ықтимал. 18 қыркүйек түнінде "Қайрат" алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде алаңға шығады – қарсылас Лиссабонның "Спортингі". Алматы командасы үшін бұл тарихи сәт қана емес, үлкен сынақ та болғалы тұр: Анарбековтен бөлек, тағы бір қақпашы – Александр Заруцкий де қатардан шықты.
Ал Жоао Пауло болса, тізесіне жасалған отадан кейін қалпына келіп жатыр. Соған қарамастан ол алаңнан тыс кезде де көшбасшы болып қалып, ең ауыр сәтте командаластарына қолдау көрсетіп келеді, - деп жазады басылым.