Чехиялықтар екі медициналық маска тағуға міндеттелді

25 Ақпан 2021, 08:50
1617
Бөлісу:
Чехиялықтар екі медициналық маска тағуға міндеттелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Чехия билігі қатаң шаралардың көмегімен елдегі күрделі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға үмітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда парламент бірнеше қарар қабылдады. Енді адамдар бірдей екі бетперде тағуға міндеттеледі. Тыйымға қарамастан жұмыс істеп жүрген кафе мен мейрамханалардың иелеріне жаза күшейтілді. Жаңа шектеулер бейсенбіден бастап күшіне енеді.

Жазаны күшейту кафе мен мейрамханалардың апта сайын өткізіп жүрген шараларына қарсы қайтарылған жауап болды. Ақпанның басында дәмхана иелері карантин талаптарын орындаудан бас тартып, есіктерін келушілерге айқара ашқан болатын. Ал кейін коронавирусты жұқтырған адамдар саны өсіп кетті.

Карантин шектеулерін бұзу оқиғалары бірыңғай тізілімге енгізіледі. Әлдебіреу Пльзень қаласында ереже бұзса, мұны Прага қаласының полицейлері де біле алады. Бірінші рет ауызша ескерту жасалады. Ал келесі рет бірнеше мың доллар мөлшерінде айыпұл салынады, – деді Прага мэриясы әлеуметтік жобалар бөлімінің заңгері Кшиштов Долатан.

Сондай-ақ ереже бұзған дәмхана иесінен рұқсат қағазын 12 айға тартып алады. Ал бұны да елемей, жұмысын жалғастырса берсе, мейрамхананы тіпті саудаға салуы мүмкін. Ал наразы кәсіпкерлер жаңа заңның күшін жою үшін қол жинауға кірісіп кетті. Бейсенбіден бастап қарапайым тұрғындардың да өмірі өзгереді. Енді матадан тігілген бетперде тағуға болмайды. Тек арнайы респиратор немесе екі бірдей медициналық маска тағып қана сыртқа шыға алады. Тіпті жеке автокөлігінде де маскамен жүру міндеттелді.

Балалардан басқа барлық халық бұл ережені бұлжытпай орындауы тиіс. Осындай қатал шараның арқасында Чехиядағы күделі жағдайдың тұрақталатынына үміттіміз. Қазір ауруханалар науқасқа лық толы. Індеттің жаңа толқынына кейбір азаматтың ағат қылықтары себеп болған, – деді Прага қалалық ауруханасының аға адвокаты Марек Хмара.

Праганың 200-дей тұрғыны мэрияға арыз жазды. Наразы жұрт маска мен респиратор сатып алуға айына жүз доллардан аса ақша кететінін алға тартқан. Ал қала басшылығы қорғаныш құралдарын интернет-дүкендерден емес, дәріханада сатып алуға кеңес берді.

Өзгелердің жаңалығы