OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман қолданушыларға ChatGPT чат-ботымен жазысқан жеке хат-хабарлар сот процесі кезінде жария етілуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Business Insider басылымына сілтеме жасап.
Егер сіз ChatGPT-мен өте жеке тақырыпта сөйлесіп отырсаңыз, ал кейін бұл іс бойынша сот процесі басталса, бізден осы хаттарды ұсыну талап етілуі мүмкін. Меніңше, бұл дұрыс емес, – деді Альтман.
Ол адам мен психотерапевт немесе адвокат арасындағы сөйлесулер заңмен қорғалатынын еске салып, дәл осындай құпиялықтың чат-ботпен хат алмасуда да сақталуы қажет деген пікір білдірді.
Бұған дейін Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары да ChatGPT-ді жиі пайдалануға байланысты қауіптерге назар аударған. Зерттеушілердің айтуынша, жасанды интеллектке тәуелділік адамның сыни ойлау қабілетін әлсіретуі мүмкін.
Еске салсақ, Цифрлық даму министрлігі шетелдік ЖИ платформаларынан қауіп барын ескертіп, оларды қолданғанда абай болуға кеңес берген болатын.
Сондай-ақ ChatGPT адамның сөйлеу тіліне әсер ете бастағаны жайлы да жаздық.