ChatGPT АҚШ-та жарылыс ұйымдастыруға көмектескен

Бөлісу:
ChatGPT АҚШ-та жарылыс ұйымдастыруға көмектескен
Фото: K.M. Cannon/Las Vegas Review-Journal via AP

Оқиға АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы Trump қонақүйінің алдында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі euronews.com сайтына сілтеме жасап.

Жергілікті полицияның мәліметінше, Tesla Cybertruck электр көлігінің жүргізушісі Мэттью Ливелсбергер өз ісін жоспарлау үшін ChatGPT чатботын пайдаланған. Полицейлер ер адамның жасанды интеллектен бомба элементтерін қайдан сатып алуға болатынын, оны қалай жинап, іске қосуды сұрағанын анықтаған.

Лас-Вегас полиция департаментінің шерифі Кевин Макмахиллдің айтуынша, жарылысты ұйымдастыру үшін ChatGPT-ді қолдану - "тарихи сәт".

Қылмыскер белгілі бір құрылғыны жасау үшін ChatGPT-ді қолданып, соның көмегіне жүгінген. Меніңше, бұл АҚШ-тағы осындай алғашқы жағдай, - деп атап өтті ол.

ChatGPT-ді жасап шығарған OpenAI компаниясының өкілі ЖИ-дің осындай мақсатта пайдаланылғанына өкінетінін жеткізді.

Біздің модельдер зиянды ақпарат пен контентті азайту үшін жасалған. Алайда бұл жағдайда ChatGPT интернетте онсыз да қолжетімді ақпаратты ұсынды, - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, 2022 жылы іске қосылған ChatGPT чатын интернеті бар кез келген адам тегін пайдалана алады.

Tesla компаниясының иесі Илон Масктың айтуынша, оның компаниясы да болған оқиғаның мән-жайын зерттей бастаған. Осы тұста автокөлік жарылған Trump International қонақүйі АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампқа тиесілі екенін де айта кетейік.

Еске салсақ, оқиға Жаңа жыл қарсаңында болды. Жарылыс салдарынан электр пикаптың жүргізушісі 37 жастағы Мэттью Ливелсбергер қаза тауып, тағы жеті адам жеңіл жарақат алды.

Тергеушілер қонақүйдің сайланған президенттің есімімен аталатынын ескере отырып, Ливелсбергердің әрекетінін саяси астар іздеуге тырысты. Алайда ер адам, керісінше, Трампты қолдайтын болып шықты. Ол артынан қалдырған жазбалардың бірінде азаматтар Трамп пен Tesla-ның бас директоры Илон Масктың "айналасына жиналуы" керек деп жазып кеткен.

Мэттью Ливелсбергер кезінде АҚШ әскерінде қызмет еткені де белгілі. Осы орайда полиция оның әрекетін жарақаттан кейінгі стресспен байланыстырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы