Chat GPT, жерден тыс өркениеттер, роботтар. Nobel Fest фестивалінде не талқыланады?

2 Қазан 2023, 19:00
5839
Бөлісу:
Chat GPT, жерден тыс өркениеттер, роботтар. Nobel Fest фестивалінде не талқыланады?

5-6 қазан аралығында Астанада  Nobel Fest фестиваль өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

GPT-дің бізге қандай пайдасы бар? Климат қалай өзгереді? Блокчейндегі трендтер қандай болады? Роботтар әлемді қашан жаулап алады? Басқа планеталарда өмір бар ма? Келесі пандемия қалай әсер етеді? Әлемнің түкпір-түкпірінен заманауи ғылымның көрнекті тұлғалары – Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылыми Оскар иегерлері, жоғары деңгейдегі ғалымдар, сонымен қатар стартаптар мен бизнесмендердің басын қосатын, қазақстандықтар асыға күткен ғылыми фестиваль – Nobel Fest барысында осы тақырыптар талқыланатын болады.

Фестиваль бағдарламасы 3 негізгі бағытта (үш кезең) өрбиді.

Бірінші трек – инновация. Мұнда соңғы технологиялық жетістіктер, жасанды интеллект, GPT сияқты өнертабыстар, нейрондық желілер туралы сұрақтар талқыланады. Жаңа индустриялар, роботтар және еңбек нарығының болашағы қалай өзгеретіні де айтылады.

Екінші трек ғылыммен байланысты, жақын арада ашылатын құпиялар туралы сұрақтарды және адамның миы мен санасын зерттеуді қамтиды. Сондай-ақ, кванттық компьютерлер, жерден тыс өмір мен өркениеттерге қатысты мәселелер талқыланады.

Үшінші трек біліммен байланысты және осы саладағы заманауи тәжірибелерді, сондай-ақ цифрлық дәуірде қандай дағдылар мен білімнің маңызды бола бастағанын ашады.

Естеріңізге сала кетейік, фестивальде жетекші спикерлер түрлі салалардағы өзекті тақырыптарды талқылайды.

Фестивальге «Nobel Peace Prize» сыйлығының лауреаты, климат және тұрақты даму бойынша №1 сарапшы Рае Квон Чунг қатысады. Сонымен қатар, фестивальде ол «+1,5 градус. Дүниенің құлдырауын тоқтатып үлгереміз бе?» деген сауалға жауап береді.

Әлемге әйгілі футурологтар біздің болашаққа деген сенімімізді, алдағы уақыттағы қауіп-қатерлерді талқылайды. Олардың қатарында инновациядағы ТОП 3 ықпалды ғалымдардың бірі (Wired), «Технология адамдарға қарсы» бестселлерінің авторы Герд Леонхард, сондай-ақ Future Hub-тағы SAP жетекшісі Мартин Везовски бар.

Силикон алқабының гурусы, жоғары технологиялар саласындағы ең ықпалды қырық ғұламаның бірі (TIME Tech 40 бойынша) Вивек Вадхва үнемі өзгеріп тұратын ортада классикалық бизнесті не күтіп тұрғаны туралы пікірталасқа қатысады.

Ал әлемдегі ең ықпалды автокөлік дизайнері, Mini Cooper, BMW X5, Ferrari F430, Maserati көліктерінің дизайн концепцияларын жасаушы, Frank Stephenson Design (FSD) негізін қалаушы Фрэнк Стивенсон автомобиль өнеркәсібі мен осы саланың болашағы туралы әңгімелейді.

Көрермендер алдында құны $11,5 млрд болатын Rippling - №1 персоналды басқару стартапының негізін қалаушы және бас техникалық директоры, инноватор Прасанна Санкар сөз сөйлейді.

Nobel Fest кезінде танымал қазақстандық пианист Ratovich-тің қойылымы да ұйымдастырылады.

Фестиваль қатысушылары Нобель сыйлығының лауреаттарынан сертификаттар ала алатынын атап өтеміз.

Өзгелердің жаңалығы