Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың іргесіндегі Целиноград ауданында алты елді мекенде ауыл әкімі сайлауы өтеді, деп жазды inbusiness.kz.
Аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Төлеген Төлеубаевтың айтуынша, Ақмол, Нұресіл, Приречный, Оразақ, Шалқар Мәншүк ауылының халқы өз әкімін таңдайды.
Біз маусымның 26-сынан бастап шілденің 8-іне дейін кандидаттардың өтініштері мен құжаттарын қабылдаймыз. Үміткерлердің құжаттарын құзырлы органға жіберіп, талапқа сай келе ме, келмей ме дегенді анықтаймыз. Кандидаттардың сайлауға қатысатыны, қатыспайтыны 9 шілде күні белгілі болады.Осы уақытқа дейін аудандық сайлау комиссиясына 19 өтініш келіп түсті. Нақтырақ айтсам Оразаққа 4, Ақмол, Нұресіл, Приречный, Шалқар және Мәншүк ауылына 3 адам әкім болғысы келіп отыр. Олардың ішінде «Нұр Отан» – 3, «Ақ жол», «Ауыл» және «Адал» партиясы – 1 адам ұсынуда. Олар мүлік декларациясын тапсырып, сайлауға түсу үшін жарна төлеуі керек. Үгіт-насихат жұмыстары шілденің 14-нен бастап, 23 күні сағат 00:00-ге дейін жүреді. Ал 24 шілде күні тыныштық күні болғандықтан кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіне тыйым салынады, – дейді ол.
Төлеген Нұрмағанұлының айтуынша, егер ауыл әкіміне кандидат бір ғана үміткер болса аудан әкімі өз адамын ұсынады. Сондай-ақ ол кандидаттың екі жыл мемлекеттік қызметте немесе коммерциялық мекемеде басқарушы қызметкер болуы керек екенін ескертті.
Келер жылы Целиноград ауданына қарасты Қосшы, Жарлыкөл, Жаңаесіл, Р.Қошқарбаев және Қоянды ауылдары өз әкімдерін сайлайды.