Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Cұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағатқа қасиетті Рамазан айына қатысты ақпарат таратып, артықшылығы мен қадір-қасиетін жете түсіндіру мақсатында «Рамазан орталығы» жұмыс жасауда.
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен іске қосылған орталық жұмысы жамағаттың ризашылығын тудырып, насихат жұмыстарын жандандыра түсті.
«Рамазан орталығында» оразаның қағидалары мен ережелерін түсіндіретін түрлі бүктемелер мен ақпараттық парақшалар, намаз және ораза кестелері таратылуда. Сондай-ақ, жамағат сұрақтарына қазақ және орыс тілдерінде жауап беретін арнайы қызметкерлер бекітілген.
Бұдан бөлек Рамазан айы бойы «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Call Орталық қызметкерлері 8 (7172) 33 30 30 нөмірі арқылы оразаға қатысты барлық сауалдарға жауап беретін болады.