БЖЗҚ: Зейнетақы жинақтарының 50%-ын шешіп береміз деген алаяқтар көбейді

2 Наурыз 2023, 13:00
1132
Бөлісу:
БЖЗҚ: Зейнетақы жинақтарының 50%-ын шешіп береміз деген алаяқтар көбейді
Фото: Tengrinews.kz

БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына алаяқтардың әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратуының жиілеп кеткен жағдайлары туралы хабарлайды, деп жазады BAQ.KZ.

Жалған делдалдар өздерін Қордың қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткерлерге ақысын төлесе, зейнетақы жинақтарының 50% кез-келген мақсатта жұмсауға алып беруді ұсынуда. Бұл ақпарат "жалған" және шындыққа сәйкес келмейді!

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының заңнамасында зейнеткерлердің міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған өздерінің зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында пайдалануы:

  • егер зейнетақы мөлшері алушының орташа айлық табысын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі алмастыру коэффициентімен қамтамасыз етсе көзделген. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан алғашқы электрондық хабарламаны алған күні салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауға тиіс.

Осыған байланысты БЖЗҚ әлеуметтік желілерде және басқа да ақпарат көздерінде таратылып жүрген, жоғарыда аталған шарттарды ескермей, ақылы түрде жинақтардың 50% алу мүмкіндігі туралы хабарламаларды елемеуге қатаң кеңес береді! 

Маңызды! БЖЗҚ жүргізетін барлық операция тегін жасалады! БЖЗҚ үшінші тұлғаларға хабарласпауды және ақпаратты тек enpf.kz ресми сайтынан немесе Қордың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан ғана тексеріп, көз жеткізген дұрыс екенін ескертеді, - делінген хабарламада.

Кез келген ақыл-кеңесті БЖЗҚ бөлімшелерінен немесе байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалу арқылы көп арналы тегін байланыс арқылы қашықтан, сондай-ақ,  "Одноклассники", Telegram, "Facebook", "В контакте", "Twitter" және "Instagram" сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы, +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsАрp көмегімен тегін алуға болады. 

Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі салымшылар (алушылар) үшін +7 (727) 356-10-60 нөмірі бойынша немесе Қордың корпоративтік сайтында орналастырылған "Онлайн қоңырау шалу" сервисі арқылы кеңес алу мүмкіндігінің бар екенін де ескертеміз.

Өзгелердің жаңалығы