2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 330 675 өтінішін орындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,1 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге.
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,61%), Нұр-Сұлтан қаласының (14,02%), Маңғыстау облысының (10,35%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімшелері).
Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар: «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ болып табылады. Естеріңізге саламыз, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының 13-тармағы аясында) ұсынады. Бұған тұрғын үй сатып алу немесе жеке тұрғын үй салу мақсатында (жеке тұрғын үй құрылысы деген нысаналы мақсаты бар жер телімін сатып алуды қоса алғанда) одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысына салымды толықтыру жатпайды. Бұл жағдайда алушы Отбасы банкіне біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 3 жыл ішінде береді. Басқа уәкілетті операторлар (екінші деңгейдегі банктер) бойынша біржолғы зейнетақы төлеміне арналған өтініштер және алушының мақсаттары бойынша құжаттар банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіп пен мерзімге сай қаралады. Бұл ретте, банк біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларын өтініш берушінің (алушының) арнайы шоттарына есептелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде олардың нысаналы мақсаты бойынша біржолғы зейнетақы төлемдерін аударады. Уәкілетті операторға растаушы құжаттар белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Алушы, сонымен қатар көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, аударылған соманы уәкілетті операторға тиісті өтініш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады, оны уәкілетті оператор қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.
Атап кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) шамамен 452,5млрд теңге қаражат қайтарылды. Себебі, сұраным иесінің өтініші және өзге де себептермен қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.
Сонымен қатар, БЖЗҚ емделуге берілген 305,2 млрд. теңгеге391 042 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 31,5 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің қалауы немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.
2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 878 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы 1,5 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Осы ИПБ туралы ақпаратпен enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.
Естеріңізге сала кетсек, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылдың 3 ақпанындағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.
Салымшы зейнет жасына толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептеледі.