Енді зейнетақы төлемдерін тағайындау және деректемелерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы өтініш берген кезде өтінішке QR-кодтың көмегімен қол қоюға болады, деп хабарлайды BAQ.KZ
Естеріңізге сала кетейік, мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектікке байланысты БЖЗҚ-ға төлемдерді, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алуға өтініш беріледі. Бұрын мұны БЖЗҚ кеңселерінде немесе enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жасауға болатын. Енді ЭЦҚ-ны QR-кодпен қол қоюға ауыстыра аласыз. Сондай-ақ, QR-код enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте өз деректеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде көмектеседі.
Ол үшін enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетке кіру керек. Мұнда көрсетілген қызметтерді таңдағанда «QR-мен қол қою» батырмасы қосылады. Қол қоюдың бұл әдісі eGov mobile интеграциясы негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан пайдаланушы осы қосымшаны ұялы телефонына орнатып, оған кіруі керек. «QR-мен қол қою» батырмасын басқаннан кейін Қор серверіне сілтемені қамтитын QR-код жасалады. Бұл QR кодты EGOV mobile ұялы қосымшасының көмегімен сканерлеу керек, оның жоғарғы оң жақ бұрышында QR кодтарын оқуға арналған белгіше бар.
QR кодын сканерлегеннен кейін қол қойылатын құжатты көрсететін терезе ашылады. Әрі қарай, «Қол қою» батырмасын басу арқылы пайдаланушы құжатқа қол қоюды аяқтауы керек. Нәтижесінде «Қол қою сәтті аяқталды» деген хабарлама шығуы керек: деректемелер өзгертіліп, зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтінішті «Менің өтініштерім» бөлімінен көруге болады.
Әзірге QR-кодтың көмегімен enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте сұранысқа ие екі операцияны орындауға болады. БЖЗҚ осылайша цифрлық қызметтер желісін кеңейту бойынша жұмыстарын жалғастыруда.