Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша барлық негізгі көрсеткіштер былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң сипатқа ие.
Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,9 триллион теңгені құрап, бір жыл ішінде 16 пайызға өсті.
Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан. Ал МЗЖ есебінен жиналған жинақ ақша 10,6 трлн теңгені құрады. Бір жыл ішіндегі өсім – 15 пайыз.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 251,2 млрд теңгеге (өсім – 25%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 1,9 млрд теңгеге (өсім – 4%) жетті.
2020 жылдың қаңтарында зейнетақы жинақтары шамамен 97 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл сан мынадай кіріс және шығыс ағындарынан қалыптасты:
- 86,7 млрд теңге жарналар түрінде келіп түскен, бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 22 пайызға жоғары.
Аталмыш соманың 94 пайызы МЗЖ есебінен толықты – бұл 81,6 млрд теңге. Одан әрі МКЗЖ – 4,9 млрд теңге, ЕЗЖ – 16 млн теңге.
- жыл басынан бері таза инвестициялық табыс ретінде 28,2 млрд теңге түсіп, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) есептелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (15,4 млрд теңге) екі еседей жоғары.
Соңғы 12 ай ішінде зейнетақы жинақтарының табыстылығы – 6,68 пайызды, ал инфляция деңгейі – 5,6 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы оң сипатқа ие.
- 146 мыңнан астам алушы үшін зейнетақы төлемдері мен сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 17,9 млрд теңгені құрады.