13 млрд теңге жол көлігі және коммуникацияға бағытталған

14 Сәуір 2019, 19:23
1801
Бөлісу:
13 млрд теңге жол көлігі және коммуникацияға бағытталған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда бюджеттен қарастырылған 13 миллиард теңге жол көлігі және коммуникация саласына бағытталған. Бұл жөнінде ШҚО Қаржы басқармасының басшысы Қайрат Ерембесов.

«Автомобиль жолдарын дамытуға және қажетті жөндеу жұмыстарымен қамтуға бюджеттен 13 миллиард теңге бағытталды. Бөлінген қаражат толықтай игерілді. Нәтижесінде Семей қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы толықтай жөндеуден өткізіліп, сондай-ақ Күршім ауданындағы «Теректі-Ұранхай-Төсқайың» автожолы қайта жөнделді», - деп хабарлады Қайрат Ерембесов.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің жол жөндеу жұмыстары қарқынын арттыру мақсатында 50 де 50 сызбасы бойынша республикалық бюджеттен орташа жөндеуге паритетті негізде қаржыландыру қарастырмақ ниетте екенін айтқан болатынбыз. Жалпы, жыл көлемінде өңірде облыстық маңыздағы алты және аудандық маңыздағы бес автожолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланғанын облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлаған болатын.

Атап айтсақ, бүгінгі таңда Бородулиха-Жезкент, Шүлбі-Жаңа Шүлбі, Өскемен-Самар, Семей-Курчатов, Семей-Қарауыл және Үлкен Нарын-Күршім бағытындағы тасжолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу белгіленіп те қойған. Бұдан бөлек, биылғы жылы Мақаншы-Келдімұрат, Парыгино-Кутиха, Технологиялық тас жол-Парыгино, Жамбыл-Дайыр-Көкжыра, Ақтоғай-облыс шекарасы сияқты аудандық маңыздағы тасжолдардың да орташа жөндеуден өткізілуі жоспарланған. Анықталған автожолдардың жөндеу жоспарын облыстық бюджеттік комиссия қарап, бекіткеннен кейін қажетті қаражат қарастырылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы