Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 9 наурызда мұнай бағасы құлдырағаннан кейін Қазақстанда доллар бағасы күрт қымбаттады. Бұл жағдай Үкіметті алаңдатып отыр.
Бүгін Үкімет отырысында вице-премьер әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің шығыстары оңтайландырылатынын айтты.
Сыртқы факторларға байланысты қалыптасып отырған экономикалық жағдайда мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін және тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданылады. Бірінші кезекте республикалық бюджеттің шығыстары оңтайландырылатын болады. Біріншіден, бюджет қаражатының есебінен қымбат жиһаздар мен автокөліктер сатып алу, семинарлар, форумдарды өткізу және басқа да имидждік шаралар оңтайландырылмақ, - дейді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, осы бағыттар бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілген.
Мемлекеттік органдар мен өңірлердің, квазимемлекеттік субъектілердің тиісті қадамдық әрекеттерінің Жол картасы бекітілді. Екіншіден, кейінгі мерзімге қалдыруға болатын ағымдағы жағдайдағы басымды емес шығыстар, жобалар мен шаралар және де жаңа жобалар, олардың ішіндегі кейінге қалдыру шартымен бюджетте қарастырылған жобалар. Сонымен қатар барлық әлеуметтік міндеттердің толық орындалуы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ инфляция дәлізінің қайта қарастырылуын ескере отырып – зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектерді индексациялау үшін шаралар қабылданады, - дейді министр.