Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5 млрд доллардан асты

29 Шілде 2025, 22:25
539
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара тауар айналымы 5 миллиард доллардан асты. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Анкарада өткен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысынан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына арнап өткізген брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Түркияға ресми сапармен шақырғаны және қазақ делегациясын жылы қабылдағаны үшін бауырлас түрік халқына ризашылығын білдірді.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның көшбасшылығының арқасында елі жаңа тарихи кезеңге нық қадам басты. Түрік халқының бірлігі мен қайсарлығы, Президенттің салиқалы саясаты Түркияны халықаралық аренада беделді мемлекетке айналдырды. Қазақ елі бұл табыстарға әрдайым қуанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты жаңа кезеңге бастайды.

Біз Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын өткіздік. Түрлі саладағы ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойылды. Түркия – біздің басты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестеріміздің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 5 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта айтарлықтай арттыруға толық негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Брифинг соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өзара сенімі мен достығы берік болатынына сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы