Сыртқы істер министрлігінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның басшылығымен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Бекітілген күн тәртібіне сәйкес отырыста Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың министрліктің 2024 жылғы жұмысы туралы баяндамасы тыңдалды. Ол ведомствоның басты міндеті сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды ілгерілету және әлемдік аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау болып табылатынын атап өтті.
Ә.Бақаев экономикалық дипломатияға және инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясатқа ерекше назар аударды. Былтыр Қазақстан 15,7 млрд доллар көлемінде тікелей инвестициялар тартты. Еліміздің үлесіне Орталық Азиядағы барлық тартылған инвестициялардың 63 пайызы тиесілі.
Қазақстандық төлқұжаттың мәртебесін арттыру бойынша белсенді жұмыс жалғасып, еліміз "Global Passport Power Rank 2025" рейтингінде 51-ші орынды иеленді, деп атап өтті министрдің орынбасары.
Іс-шарада Қоғамдық кеңес мүшелерінің Сыртқы істер министрлігі мен оның шет елдердегі мекемелерінің азаматтардан түсетін өтініштерімен жұмысына жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері туралы есептері тыңдалды.
Бұл мәселе бойынша СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков баяндама жасады. Ол консулдық қызметтің негізгі міндеті шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қорғау екенін атап өтті. ҚР СІМ-ге консулдық мәселелер бойынша келіп түскен 100 мыңға жуық өтініштің 99,9%-ы қанағаттандырылды. Сонымен қатар "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында "е-Otinish" жүйесіне еліміздің 95 шетелдік мекемесі қосылған.
Отырыс барысында ҚР заңнамалық актілеріне дипломатиялық қызмет туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы да талқыланды. Бұл мәселе бойынша заң қызметі және халықаралық құқық департаменттер директорларының есептері тыңдалды.
Отырысқа қатысушылар Қоғамдық кеңестің 2025 жылға арналған жоспарын бекітті.
Кездесу соңында қоғам белсенділері Министрлік жұмысының түрлі бағыттары бойынша практикалық ұсыныстар берді.