Мемлекет басшысының өңірлерді жүйелі дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту жөніндегі нақты тапсырмалары облысымызда айқын нәтижелермен жүзеге асты. Ақтөбе облысында құрылыс-монтаж жұмыстары орындалды былтырғы жылмен салыстырғанда 117,7 пайыз өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 920 мың шаршы метрден асты.
Биыл облыста 45 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Жыл соңына дейін тағы 23 нысан пайдалануға тапсырылады. Қалған жобалар келесі жылға жоспарлы түрде өтеді.
Президент тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтер есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қор арқылы ауылдық денсаулық сақтау саласында 11 жоба іске асырылды.
"Келешек мектептері" ұлттық жобасы – білім саласындағы басты бастамалардың бірі. Облыста 14 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
2025 жылы құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласында бірқатар маңызды нысан бой көтерді.
Ауылдарда медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Бұл – шалғай елді мекендерге медициналық көмекті жақындатудың нақты нәтижесі.
Хромтау қаласында 400 орындық мәдени-демалыс орталығы пайдалануға берілді. Ақтөбе қаласында мектепке қосымша ғимарат салынды. Ауылдарда жаңа спорт кешендері, балабақшалар мен мектептер ашылды.
Су тасқынынан зардап шеккен ауылдарда жаңа білім беру нысандары салынып, балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта жасалды.
Президент тапсырмасына сай, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 300 орындық жаңа балабақшаның, ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында арнайы спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Ал өңір үшін маңызды үш ірі жоба – драма театры, стадион және 5 мың орындық спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұл – тек бүгіннің емес, болашақ ұрпақтың игілігіне салынған нысандар. Құрылыс қарқыны тоқтамайды.