Бүгін, 22 шілде – Дүниежүзілік ми күні. Ал инсульт – әлем бойынша өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі екені белгілі. Осы орайда, BAQ.KZ тілшісі елордадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының инсультті емдейтін орталығының жұмысымен танысты.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 40 мыңға жуық адам инсульт алады. Мәселен, 2024 жылғы мәлімет бойынша, 49 мыңға жуық адам инсультке ұшыраған. Олардың 11,8%-ы стационарда көз жұмса, тағы 6,1%-ы ауруханадан шыққаннан кейінгі алғашқы айда көз жұмған.
Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы жанынан құрылған Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығы ми қан айналымында бұзылыстары бар науқастарға көмек көрсетеді.
Инсульт – өте қауіпті дерт. Өйткені инсульттен соң көп адам мүгедек болып қалу қаупі бар. Мәселен, онкологияға шалдыққан немесе жүрек ауруы бар адамдар өздерін-өздері күте алса, инсульт алған соң пациентке мемлекеттің де, басқа адамдардың да көмегі мен күтімі қажет болады. Сол үшін азаматтарға инсульттың алғашқы белгілерін біліп жүруге шақырамын. FAST-тес деп аталатын әдіс бар. F (face) – беті қисаю, A (arm) – қолының әлсіреуі, S (speech) – сөйлеуі бұзылу. T (time) – уақыт. Себебі инсульт жағдайында «терапиялық терезе» деп аталатын алғашқы 4,5-6 сағат өте маңызды, - деп түсіндірді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы, нейрохирург-дәрігер Ержан Әділбеков.
Бұл кезеңде дәрігер арнайы препарат егіп үлгерсе, мидағы түзілген тромб еріп, ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі. Ал алты сағат өткен соң мида қайтымсыз процестер орын алады: адам өліп кетуі мүмкін немесе мүгедек болып қалу қаупі өте жоғары. Дәрігерлер үнемі айналаңыздағы адамдардың жағдайына мән беріп, дер кезінде жедел жәрдем шақыруға асығуға кеңес береді.

Инсульттың алдын алу үшін үнемі өмір салтына мән беріп, дұрыс тамақтанған жөн. Әсіресе тағамдағы тұздың мөлшеріне мән беру керек. Көп мөлшерде тұзды тағамды тұтыну – қантамырлардың бітелуіне себеп болады. Сондай-ақ көңіл күйімізге, стрестік жағдайдың болмауына мән бергеніміз дұрыс. Қазіргі таңда жастар арасында энергетикалық сусын ішу де жиілеген. Оның да денсаулыққа еш пайдасы жоқ, - деп түсіндірді дәрігер Әділбеков.
Еркін Дүйсенбаев жетекшілік ететін Нейрохирургия бөлімшесінде науқастар түрлі диагнозбен ем қабылдап жатыр.
2025 жылдың наурыз айынан бері Нейрохирургия департаментіне 276 пациент қабылданды. Оның ішінде 100 науқас – бас-ми жарақатымен, 120 – инсультпен, ал 56 адам - түрлі неврологиялық аурулармен түскен. Осы кезең ішінде инсультке байланысты 20 операция, неврологиялық патологиялар бойынша 15 операция, сондай-ақ басқа нейрохирургиялық аурулар бойынша 14 операция сәтті орындалды, - деді Еркін Дүйсенбаев.
Бөлімше заманауи медициналық құралдармен толық жабдықталған және нейрохирургтар, неврологтар және анестезиолог-реаниматологтар арасындағы тығыз пәнаралық өзара іс-қимыл негізінде жұмыс істейді. Бұл тәсіл аса ауыр жағдайларда жедел әрі тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Тағы бір айта кететін жайт, биыл үшінші тоқсаннан бастап 50 жастан асқан ер азаматтарға арналған инсультті ерте анықтауға бағытталған скрининг енгізіледі. Бұл тексеруден азаматтар тіркелген емханаларында екі жылда бір рет тегін өте алады.
Инсульттен бөлек, Альцгеймер ауруы, эпилепсия, шашыранды склероз, мигрень және Паркинсон ауруы сынды басқа да ми патологиялары да қоғам денсаулығына елеулі әсер етеді. Бұл аурулар өмір сапасын төмендетіп, кешенді диагностика, тиімді ем және ұзақ мерзімді бақылауды қажет етеді.