Депутат Ерлан Сайыров Теміртау қаласының жылумен қамту жүйесін сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол осыған қатысты сауалын Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдады.
Депутат AMANAT фракциясы мүшелері Теміртау қаласының жылумен қамту объектілерінің жай-күйімен танысқанын атап өтті.
Миттал мырза иелік ететін 2-ЖЭС-тың жөндеу жұмыстары графикке сәйкес келмейді. Қазандық, турбогенераторларды жөндеуге келісімшарттар жасалмаған, басқа да жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Теміртауда орналасқан 1-МАЭС-ке жөндеу жұмыстары 2005 жылы жекеге өткеннен кейін жасалмаған, - деді депутат Сайыров.
Оның айтуынша, МАЭС-те өндірістік қауіпсіздік шаралары мүлдем қолданылмайды, бір топ депутат өндіріс орнымен танысқан кезде дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатқан жерде оттегі баллондары ашық жатқандығының куәсі болды. Өрт қауіпсіздігі шаралары мүлдем қолданылмайды.
Кәсіпорында өнеркәсіп орнының ластығына қарамастан, өрт қауіпсіздігі іс-шаралары мен адамдарды өндірістік қорғау шаралары мүлдем жүзеге асырылмаған. Егер МАЭС-тің территориясына кірсеңіз, «апокалипсис» аймағына өткендей сезім аласыз. Бұзылған ғимарат, қисайған мұржа, лас айнала. Ал 1-МАЭС-тің иесіне іздеу жарияланған, өзі Лондонда тұрады. Әрине, құрылтайшы ретінде оған дивиденд түсіп тұрады. Мұндай «шектен шыққан» бизнесмендерге жергілікті құзырлы органдардың шамалары жетпейді. Өйткені олардың «көкелері» жоғарыда, - деп айтты Ерлан Сайыров.
Депутат қала, облыс басшылығы келесі қыста халықты жылумен қамтамасыз ету үшін күн-түн демей еңбектеніп жатқанын айтты. Ол халық пен жергілікті басшылықтың еңбегін зая кетірмеу керегін айтты.
Сайыров мынадай ұсыныс айтты:
- Теміртау қаласындағы жылумен қамту мәселелерін үкімет бақылауға алу қажет.
- Теміртау 1- МАЭС-інде қалыптасқан жағдайға байланысты Энергетика, Төтенше жағдайлар министрлігі бірлескен комиссия жіберіп еңбек, өндіріс қауіпсіздігі мәселелерін тексеруі тиіс!
- Ол жерде техногендік жағдай болуы ықтимал. Адамдардың өміріне нақты қауіп бар.
- Бас прокуратура Теміртау 1-МАЭС-тің жекешеленуінің заңдылық дәрежесін анықтай отырып, техногенді тұрғыдан кәсіорынның еліміздің заңдарын сақтау дәрежесін анықтауы өзекті.