Жыл сайын 9 қазан – Еуропалық орган донорлығы мен трансплантациясы күні ретінде атап өтіледі. Қазақстанда жыл сайын мыңдаған адам ағза трансплантациясына мұқтаж. Бүгінде 4300-ден астам отандасымыз ағза күтіп отыр. Олардың қатарында 121 бала бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы ұсынған мәліметке сүйенсек, ең көп сұраныс — бүйрекке. Мұндай науқастар үшін әр күн – күрес. Аптасына үш рет 4-5 сағатқа созылатын гемодиализ, үнемі шаршаңқы хал, өмір сапасының күрт төмендеуі және бір күні "донор табылды" деген үмітпен өмір сүру.
Донор аз, кезек көп
Өкінішке қарай, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлар саны өте аз. Жылына мұндай донорлардың саны бірнеше адаммен ғана шектеледі. 2024 жылы елімізде небәрі 6–7 ғана қайтыс болғаннан кейінгі донор тіркелсе, 2025 жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 9-ға жеткен.
Дегенмен бұл көрсеткіштер әлі де алаңдатарлық. Мәселен, Қазақстанда әр миллион тұрғынға шаққанда тек 0,2 ғана посмерттік донор келеді. Бұл әлем бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Салыстыру үшін: Испанияда – 49, Беларусьта – 24, Иранда – 12-ні құрап отыр.
Қазір елде трансплантацияның 92 пайызы тірі донорлардың есебінен жасалады. Бұл – медициналық тұрғыдан қауіпті әрі туыстарға психологиялық салмақ түсіреді. Әлемдік тәжірибеде керісінше: ағзалар негізінен қайтыс болған адамдардан алынады – шамамен 80-85%. Ал тірі донорлардан жасалатын операциялар үлесі – тек 15%.
Трансплантология: даму жолы мен жүйе қандай?
Қазақстанда трансплантология саласының негізі 1979 жылы қаланды. Сол жылы алғашқы бүйрек трансплантациясы жасалды. Ал 2013 жылдан бастап салада қарқын байқалды: алғаш рет балаға тірі донордан бауыр салынды.
2017 жылы Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығы құрылды. Мұнда Испанияның тиімді деп танылған донорлық моделі енгізілуде. Жүйе көп деңгейлі: әр өңірде трансплант-үйлестірушілер бар, ал республикалық деңгейде – бас үйлестіруші жұмыс істейді.
Ағзалар арнайы ақпараттық жүйе арқылы бөлінеді. Бұл жүйе адам араласуынсыз, автоматты түрде үйлесімділікті анықтап, шешім қабылдайды. Мұның арқасында процесс ашық әрі әділ өтеді.
Тірі донор болу – үлкен жауапкершілік
Қазақстанда тірі донор болу заңмен қатаң реттеледі. Донор кәмелет жасына толуы тиіс, нотариус арқылы келісім береді, толық медициналық тексеруден өтеді. Одан бөлек, этикалық комиссия оның құжаттарын қарайды.
Алайда осы талаптарға қарамастан, бұл – қауіпті жол. Донор туыстарына қысым көрсету, отбасы ішіндегі келіспеушіліктер немесе ағзаның қабылданбауы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар донордың өз денсаулығына да қауіп төнеді.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тірі туыстардың өміріне қауіп төндірмейді және процесс ашық өтеді. Бір донор жеті адамның өмірін құтқара алады, – деп атап өтті Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина.
Мысалы, бір отбасында ағасы бүйрегін беріп, операция сәтсіз болған. Кейін анасы донор болуға бел буғанымен, ол да нәтиже бермеген. Нәтижесінде науқас ем ала алмай қалса, отбасының үш мүшесінде тек бір-бір бүйрек қана қалған.
Балалар – күту тізіміндегі әлсіз буын
18 жасқа толмағандар Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алмайды. Ал ағза трансплантациясы қажет балаларға көбіне бүйрек не бауырдың бір бөлігі қажет. Егер қайтыс болған донордан ағза алынса, бір бүйрек балаға, екіншісі ересек адамға беріледі. Таңдауды мамандар – трансплантологтар мен нефрологтар жасайды, олар баланың бойы мен салмағын, донормен үйлесімділігін ескереді.
Қоғам көзқарасы мен діни рұқсат
Кей отбасылар донор болуға діни себеппен қарсы. Алайда 2017 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы пәтуа шығарып, тірі де, қайтыс болған адамдардан ағза алуға рұқсат берді.
Бір адамның өмірін сақтау – бүкіл адамзатты сақтап қалғанмен тең, – дейді ҚМ діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатов.
Оның айтуынша, көбіне мәселе дінде емес, халықтың менталитетінде.
Қоғамда ағза беру туралы дұрыс түсінік қалыптастыру үшін имамдармен бірге семинарлар, ақпараттық шаралар өткізіліп жатыр. Бұл бағытта ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Өмір мен өлім арасындағы күту
Мысалы, спорт шебері, бұрынғы арнайы жасақ жауынгері Есен Байленов бес жарым жыл бойы гемодиализге тәуелді болды.
Диализ – өмір емес. Мен ешқашан ағза табылады деп ойлаған жоқпын. Күніне төрт-бес сағат аппаратқа байланып жатасың. Жүрекке салмақ түседі. Кейбіреулер осы кезде жан тәсілім етеді, – дейді ол.
Қазір операциядан кейін үш ай өткен. Есен өз жағдайының жақсарғанын айтып отыр.
Қазақстанда кезінде келісім презумпциясы болған. Бірақ ол тоқтатылып, тірі донор тек жақын туыс болуы керек деген талап енгізілді. Ағам ауырғандықтан жарамады, анам дайын болды, бірақ мен келіспедім. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық дамуы керек. Бұл – қауіпсіз жол, – дейді ол.
Бибігүлдің оқиғасы – трансплантацияның айқын дәлелі
Бибігүл Жүкеноваға 2019 жылы өкпе салынды. Ол 2014 жылы жазылмайтын сырқатқа шалдыққан. Сол жылдары елімізде өкпе трансплантациясы жасалмағандықтан, ол тізімде ұзақ уақыт күтті.
2016 жылы алғашқы осындай операция жасалғанда ол да үміттенді. Арада үш жыл өткен соң жағдайы нашарлады. Сатурация 40-тан төмен түсіп, өзі жүре алмай қалды. Барлық үміт үзілген тұста донор табылып, марқұмның анасы келісім берді. Өкпе Бибігүлге, ал жүрек басқа науқасқа салынды.
Бұл – шын мәніндегі ғажайып болды, – деп еске алады ол.
Бибігүл сол кездерде телеарнадағы бір бағдарламада донор болған адамның отбасына айтылған ауыр сөздерге ренжігенін айтады. Ал екі жылдан соң ол өзі де сол жағдайға тап болатынын білмеген. Қоғамда трансплантацияға қатысты пікірлер әлі де сан қилы.
Өз еркіңізді білдіру маңызды
Қазақстанда егер адам тірі кезінде келісімін бермесе немесе бас тартпаса, соңғы шешімді туыстары қабылдайды. Мұндай сәтте жақынын жоғалтқан отбасына шешім қабылдау – өте ауыр. 2024 жылы 86 әлеуетті донордың тек 10-ында ғана келісім алынған.
Мамандар азаматтарды eGov порталы арқылы өз ұстанымдарын тіркеуге шақырады. Бұл автоматты түрде ағзаны алу емес – тек ниетті білдіру. Тек ми өлімі расталған жағдайда ғана донорлық іске асады.
Айта кету керек, егер азамат келісімін берсе де, туыстары қарсы болса – соңғы сөз соларға тиесілі. Сондықтан өз шешіміңізді отбасы мүшелеріне алдын ала жеткізген дұрыс.
Тірі куә: өмір жалғасады
Қазақстанда бүгінде жүрек, бүйрек, бауыр және өкпе трансплантациясы жасалады. Отандық медицинада түрлі қан топтары арасындағы трансплантация технологиясы енгізілуде. Бұл – жаңа мүмкіндік.
Жәнібек Оспанов – елімізде жүрек трансплантациясын алғаш қабылдаған адам және "Өмір тынысы" қоғамдық ұйымының негізін қалаушы. Ол жыл сайын трансплантация алған адамдар арасында спорттық сайыстар ұйымдастырады.
Біз де өз үлесімізді қоса аламыз. Бұл тек дәрігерлердің ғана міндеті емес. Ағза күтіп отырған мыңдаған адамдар бар. Егер әрбір азамат өз шешімін нақты көрсетсе – тізімді қысқартуға болады. Бәлкім, толығымен жою да мүмкін, – дейді ол.
Оның пікірінше, Қазақстан бұл салада аймақ елдерінің көбінен озық тұр. Ең бастысы – мұнда қызметтің барлығы тегін. Операциядан кейін емделушіге өмір бойына қажетті дәрі-дәрмек беріледі, ал шетелде бұл шығындар өте жоғары.
Беларусь, Иран секілді елдерде де кезек бар. Бірақ бізде трансплантация тегін, мамандарымыз білікті, жүйе қалыптасқан. Ауруды ешкім таңдаған жоқ. Бірақ өзімізге көмектесетін жол – осы, – деп түйіндеді Жәнібек.
Ағза донорлығы – тек медицина саласының мәселесі емес, бұл – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін айна. Қазақстанда трансплантация жүйесі дамып келеді, бірақ оның толық іске асуы әр азаматтың шешіміне байланысты. Өз еркіңді білдіру – бұл біреуге үміт, екіншісіне өмір сыйлау. Бүгін үнсіз қалмау – ертеңгі бір өмірді құтқару мүмкіндігі. Донор болу – ерлік емес, адамгершіліктің ең биік көрінісі.