Дәрігерлер Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген екі баланың өмірі үшін күресіп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, кішкентай баланың жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылы туған балаға 30 шілде күні кешке ішкі ағзасына қан кетуіне байланысты шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер жаншылып қалған сол жақ бүйрегін алып тастады, - делінген ресми хабарламада.
Қазір сәби өкпені жасанды желдету (ИВЛ) құрылғысына қосылған. Дәрігерлер баланың жағдайы өте ауыр деп отыр.
2017 жылы туған үлкен баланың да жарақат алғаны хабарланды. Дегенмен дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы қалыпты. Ол есін біледі, өздігінен тыныс алып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда әйел 5-қабаттан балаларын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткенін хабарлаған болатынбыз.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, әйел адам ұсталды.