Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстан сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі Наталья Германмен телефон арқылы сөйлесті.
Герман Қырғызстандағы жағдайды бейбіт түрде шешуге шақырып, Сооронбай Жээнбековті елдің заңды президенті, конституциялық биліктің заңды өкілі деп атаған.
БҰҰ "Президент барлық саяси күштер мен халықтың басым бөлігі, оның ішінде азаматтық қоғам мен жастардың қолдауымен құқық аясында мемлекетті тығырықтан шығаратын жол табар деп үміттенеді" - делінген Қырғызстан СІМ хабарламасында.
Ведомствоның мәлімдеуінше, БҰҰ бас хатшысы Гутерриш Қырғызстандағы жағдайды мұқият бақылап отыр және бұған дейін жасаған мәлімдемелерінде айтқанындай, Қырғызстанды конституциялық процесс аясында дағдарыстан шығаруға, парламент сайлауын ұйымдастыру және елдің экономикалық тұрақтылығын тез арада қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін білдірген.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Сооронбай Жээнбеков Қырғызстанның легитимді басшысы екенін айтты.