Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Пәкістан мен Израиль арасында сөз таласы өршіді

12 Қыркүйек 2025, 18:36
711
Бөлісу:

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Израиль мен Пәкістан өкілдері арасында өткір сөз таласы болды. Израиль өкілі Пәкістанды террористерге пана берді деп айыптаса, Пәкістан мұны "абсурд" деп атап, Израильді агрессор және оккупант деп сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu Ajansi-ге сілтеме жасап.

Аталған жоғары дәрежелі отырыста Катарда ХАМАС келіссөз тобына жасалған соңғы Израиль әуе шабуылы талқыланып жатқанда, Израиль мен Пәкістан өкілдері арасында қызу сөз таласы орын алды.

Израильдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Дэнни Данон "Таяу Шығыстағы жағдай" тақырыбындағы отырыста сөйлеген сөзінде Дохадағы соққыны америкалық арнайы қызметтердің Усама бен Ладенді жоюымен салыстырды. Ол сонымен бірге Пәкістан террористерге пана берген болуы мүмкін дегенді меңзеді.

Факт мынада: Усама бен Ладен Пәкістанда өлтірілді, ал ешкім АҚШ-ты айыптаған жоқ. Мүмкін, сөздерім сіздерді ренжіткен болар, кешірім өтінемін. Бірақ мен әрқашан фактілерге сүйенуге тырысамын, – деді Данон.

Оған жауап ретінде Пәкістанның тұрақты өкілі Асим Ифтихар Ахмед израильдік дипломатты қатаң сынға алып, оның мәлімдемелерін абсурд әрі қабылдауға болмайтын сөздер деп атады.

БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықты жүйелі түрде бұзып отырған агрессор әрі оккупант бұл мінберді заңсыз әрекеттерін жасыруға қолданып, дәлелсіз айыптаулармен өзгелерге шабуыл жасауы – қабылдауға болмайтын және тіпті абсурд жағдай, - деді Асим Ифтихар Ахмед.

Пәкістан дипломаты Израильді халықаралық құқықты елемеу және оккупацияланған аумақтарда күш қолдану үшін айыптады.

(Израиль) – ешкімді тыңдамайтын оккупант. Тіпті одақтастары қалса да, барлық кеңестерді елемейді, мемлекеттерге, халықаралық БАҚ-қа, құқық қорғау және гуманитарлық ұйымдарға қоқан-лоқы көрсетеді. Барлық басқыншылар сияқты Израиль де агрессор бола тұра өзін жапа шегуші етіп көрсеткісі келеді, - деді Пәкістан тарапынан келген дипломат.

Ахмед Пәкістанның ұзақ жылдар бойы "Әл-Каидаға" қарсы күрестің алдыңғы шебінде тұрғанын еске салып, Израиль әрекеттерін заңдастыруға тырысуды қатаң сынға алды.

Біз ондаған жылдар бойы Газа мен оккупацияланған палестиналық аумақтарда куә болып келе жатқан мемлекеттік терроризмнің ең ауыр түрлеріне кінәлі, жауапсыз басқыншы мемлекеттің инсинуацияларын қабылдай алмаймыз, - деп сөйледі ол.

Өзгелердің жаңалығы