Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҰҰ өкілі діни орындардың қауіпсіздігін күшейтуге шақырды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
16 Қыркүйек 2025, 16:13
427
Бөлісу:
 - архив/ BAQ.KZ
Фото: - архив/ BAQ.KZ

БҰҰ Бас хатшысының өркениеттер альянсы жөніндегі жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос діни нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүкіл адамзат үшін негізгі құндылық екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Мигель Анхель Моратинос елордада басталған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXIII отырысында айтты.

Оның айтуынша, бүгінде әлемде түрлі дағдарыстар мен террористік шабуылдар жиілеп, соның салдарынан адамдар қаза тауып, діни орындар қирап жатыр. Мұндай әрекеттердің мақсаты – қоғамды ірітіп, адамдарға үрей мен қайғы әкелу.

Діни нысандарды қорғау – бұл адам құқығының да, адамзаттың да басты негізі. БҰҰ Жарғысы аясында мүше мемлекеттер өз аумағы мен азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше жауапкершілікке ие, – деді Моратинос.

БҰҰ қабылдаған резолюцияда барлық мемлекет діни нысандарды қорғауға бағытталған шараларды күшейтуге шақырылды. Бұл іске мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар мен мүдделі тараптар да атсалысуы тиіс. Қорғау жұмыстары ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен саясатының аясында жүргізілуі қажет.

Моратиностың айтуынша, БҰҰ кеңсесі мұсылман мешіттеріне жасалған террористік шабуылдардан кейін арнайы іс-қимыл жоспарын әзірлеген. 12 қыркүйекте қабылданған құжатқа сәйкес, діни нысандардың қауіпсіздігіне жауап беретін уәкілетті тұлға тағайындалуы керек. Бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қаралып, барлық мүше мемлекет үшін ортақ негіз ретінде белгіленді.

Бұған дейін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XXIII отырысы өткені жайлы жаздық.

Белгілі болғандай, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті Съезі 2028 жылы өтеді.

Өзгелердің жаңалығы