Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ өкілдері қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын елге қайтару бойынша Қазақстанның тәжірибесімен танысты.
ҚР Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының директоры, БҰҰ Вена бөлімшесінің Бас директоры – Гада Фатхи Вали ханымның сапары аясында «Қақтығыс аймақтарынан қайтарылған азаматтарды, олардың отбасы мүшелерін қылмыстық қудалау, оңалту және реинтеграциялау мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалог. Қазақстан Республикасының тәжірибесі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
ҚР АҚДМ Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров «Жусан» операциясы аясында террористік белсенді аймақтардан қайтарылған азаматтарды оңалту және реинтеграциялау жағдайы туралы баяндама жасады.
Іс-шараға ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың мүшелері қатысты. Модератор ретінде ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова болды.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтарымызды террористік белсенді аймақтардан қайтару бойынша «Жусан» гуманитарлық операциясы 2019 жылы басталды, нәтижесінде бүгінгі күні елге 700-ден астам азамат оралды, олардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.