Біріккен Ұлттар Ұйымының Тәуелсіз халықаралық тергеу комиссиясы Израильдің Газа секторында палестиналықтарға қарсы геноцид жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Ұсынылған жаңа есепте халықаралық құқықтағы геноцидтің бес анықтамасының төртеуі орындалғаны көрсетілген: топ мүшелерін қыру, ауыр дене және психикалық зардап келтіру, өмір сүруге қажет жағдайларды әдейі жою және тууға кедергі жасау.
Комиссия Израиль басшыларының мәлімдемелері мен әскери іс-қимылдарын “геноцид жасау ниетінің дәлелі” деп бағалаған. Атап айтқанда, Израиль президенті Ицхак Герцог, премьер-министр Биньямин Нетаньяху және бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галланттың әрекеттері “геноцидке шақыру” ретінде көрсетілген.
Израиль Сыртқы істер министрлігі бұл қорытындыны “жалған және бұрмаланған” деп үзілді-кесілді жоққа шығарды. Израиль билігі есебі “ХАМАС-тың жалған ақпараттарына негізделгенін” айтып, БҰҰ сарапшыларын “ХАМАС-тың өкіліне айналды” деп айыптады.
Есепте Газа халқының басым бөлігі бірнеше рет қоныс аударуға мәжбүр болғаны, үйлердің 90%-дан астамы қирағаны, медициналық және әлеуметтік инфрақұрылымның күйрегені, БҰҰ сарапшылары Газа қаласында ашаршылық жариялағаны атап өтілді.
Комиссия Израиль мемлекеті “геноцидтің алдын алмау, оны жасау және жазаламау үшін жауапты” деп тұжырымдады. Сонымен қатар БҰҰ барлық елдерді 1948 жылғы Конвенцияға сәйкес геноцидтің алдын алуға және кінәлілерді жазалауға міндетті деп ескертті.