Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҰҰ: Израиль Газадағы гуманитарлық көмекті әлі де шектеп отыр

12 Қараша 2025, 15:16
415
Бөлісу:
 Anadolu Agency
Фото: Anadolu Agency

Өткен айда Газа секторында атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен бері Израиль келісім бойынша алған міндеттемелеріне қарамастан, тәулігіне 600 гуманитарлық жүк көлігін кіргізуге бірде-бір рет рұқсат бермеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фархан Хак баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Одан соң журналистердің "соңғы айда атысты тоқтатқаннан кейін Газаға тәулігіне 600 немесе одан да көп гуманитарлық жүк көлігі кірген күн болды ма?" деген сұрағына Хак:

Менің білуімше, жоқ, – деп жауап берді.

Ол БҰҰ қадағалайтын жүк көліктері тек ұйымның өзіне және серіктестеріне тиесілі екенін, олардың саны орта есеппен күніне шамамен 150-ге жуықтайтынын айтты. Ал Израильмен тікелей жұмыс істейтін коммерциялық немесе басқа көліктердің саны БҰҰ-ға белгісіз.

Израильдің келісім бойынша гуманитарлық көмекті жеткілікті көлемде өткізу міндетін орындамауы "жаңа қалыпты жағдайға" айналмас үшін не істеу керек деген сұраққа Хак:

Мұның бір жолы – бұл мәселені үнемі көтеріп, көмектің әлі де бөгеліп жатқанын жұртшылықтың назарында ұстау, – деп атап өтті.

Айтуынша, БҰҰ мұндай кедергілер туралы тек БАҚ пен қоғамға ғана емес, ұйымға мүше мемлекеттерге де мәлімдеп отырады.

БҰҰ өкілі Палестина аймағына гуманитарлық көмекті жеткізу үшін барлық күш салынып жатқанын атап өтті.

Дегенмен бұл кедергілер бірнеше аптадан бері жалғасып келеді, біз әлі де қажетті деңгейге жете алған жоқпыз, – дейді Хак.

10 қазанда күшіне енген атысты тоқтату туралы келісімге сәйкес, Израиль Газаға тәулігіне 600 гуманитарлық жүк көлігінің кіруіне рұқсат беруге міндеттелген еді.

Алайда Израиль әскері атысты тоқтату режимі жарияланғанына қарамастан, Газа секторына гуманитарлық жүк көліктерінің тек аз бөлігін ғана кіргізіп, кейде палестиналықтарға әртүрлі сылтаумен шабуыл жасауды жалғастырып келеді.

Өзгелердің жаңалығы