Газа секторындағы тұрғындар атысты тоқтату режиміне қарамастан, әлі де тіршілік пен белгісіздік арасындағы ауыр күйде өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Газа қаласынан бейнебайланыс арқылы журналистерге сөйлеген БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) өкілі Нестор Овомуханги мәлімдеді.
Айтуынша, атыстың басылуы әсіресе әйелдер мен қыздар үшін соғыстың аяқталуы деген сөз емес.
Аспан тынышталғандай болғанымен, жараның дауысы әлі күнге дейін жаңғырып тұр, — деді ол.
Тұрғындар әлі де аштық пен ауру қаупінің ортасында қалған. Овомуханги Газадағы көп отбасының әлі күнге дейін бас сауғалайтын жерлерде тұрып жатқанын, онда аштық пен ауру қаупі күн сайын сезілетінін айтты.
Оның мәліметінше, Газадағы 57 мыңнан астам отбасында әйелдер ғана аман қалған, бұл олардың көмекке зәру екендігін және балаларын қамтамасыз ету мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсетеді.
Ол босқындар лагеріндегі бір ананың палатасына жиналған суды көрсетіп:
Балама арналған орын — дәл осы жер. Түні бойы баламды су болып, тоңып қалмасын деп көтеріп ұйқтаттым, — дегенін жеткізді.
Тұрмыс жағдайы тым ауыр
ЮНФПА өкілі тұрғындардың сағаттап тамақ пен су кезегінде тұратынын, тамақты ашық отта дайындайтынын, дымқыл көрпелердің астында ұйықтайтынын айтты.
Адамдар қалыпты өмірді — баспана, білім, дұрыс тамақты енді армандамайды. Оларға тек бір шатыр, кішкентай жылытқыш немесе жарық көзі керек. Олардың үміті Газадағы қираған ғимараттармен бірге күйреді, — деді ол.
Денсаулық сақтау жүйесі күйреудің алдында
Оның айтуынша, Газадағы медицина саласы толықтай күйреу алдында тұр:
- медициналық мекемелердің тек үштен бірі жұмыс істеп тұр;
- олардың барлығы қызметкерлердің тапшылығына, шамадан тыс жүктемеге және қажетті құрал-жабдықтың жоқтығына ұшыраған.
- Газадағы денсаулық сақтау жүйесі тек өз жұмыс орнын тастап кетуден бас тартқан медицина қызметкерлерінің арқасында ғана жұмыс істеп тұр, — деді ол.
Психологиялық жарақаттар мен салдары, әсіресе жастар арасында, бірнеше ұрпаққа созылуы мүмкін екенін де атап өтті.
Гуманитарлық көмек қауіпсіз әрі тұрақты жеткізілуі қажет
Овомуханги гуманитарлық көмекке тұрақты, болжамды және қауіпсіз қолжетімділік аса маңызды екенін айтты.
Газа секторын қалпына келтіру жұмыстары барлық шекара бекеттері арқылы кедергісіз жеткізілім орнап, аймақтың барлық бөлігіне, әсіресе солтүстігіне, гуманитарлық көмекті өткізу мүмкіндігі болмайынша, қиынға соғады, — деп түйіндеді ол.