Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пандемия туризмге әлі де кедергі келтіреді. Біріккен ұлттар ұйымының сарапшылары осындай пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың айтуынша, былтыр жаһандық туризм саласы шамамен 2,5 триллион доллар шығынға батқан. Биыл да солай болуы мүмкін. Өйткені дүниежүзі бойынша жиһанкездер саны 1 миллиардқа қысқарған. Бұрынғы қалыпқа келу үшін COVID-19-ға қарсы вакцина мейлінше қолжетімді болуы керек екен.
Басқа елдермен салыстырғанда Еуропадағы вакциналау ісі біршама жақсы. АҚШ еліндегі жағдай да тәуір. Біздің есебімізше, алдымен ішкі туризм қалыпқа келеді. Қазірдің өзінде кей жерлерде сұраныстың 2019 жылғы деңгейде екенін көріп отырмыз, – дейді UNWTO өкілі Сандра Карвао.
Жалпы туризм секторы бірінші болып Франция, Германия, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ елдерінде қалыпқа келеді. Десе де, сарапшылардың айтуы бойынша әлемдік туризм тек 2023 жылға қарай бой түзеуі мүмкін.