Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҰҰ: 2024 жылы көмірқышқыл газының деңгейі күрт өсті

16 Қазан 2025, 07:47
340
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) деректері бойынша, 2024 жылы Жер атмосферасындағы көмірқышқыл газының (CO₂) орташа концентрациясы тарихтағы ең жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

Өткен жылы атмосферадағы CO₂ мөлшері миллионға шаққанда 3,5 бөлікке артқан. Салыстыру үшін, 2011–2020 жылдары бұл өсім жылына орта есеппен 2,4 бөлік болған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қарқын өлшеулер жүргізіле бастаған уақыттан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Жүйе бұзылып жатыр. Оның мінез-құлқы өзгерді. Биылғы жылы осындай өсім қайталана ма, оны ешкім нақты айта алмайды, - деді ДМҰ сарапшысы Оксана Тарасова.

Сонымен қатар, ұйымның есебінде метан мен азот оксидінің концентрациясы да тарихтағы ең жоғары деңгейге жеткені айтылған. Бұл заттар – адам әрекетінен шығатын екінші және үшінші маңызды парниктік газдар.

Мамандар атмосферадағы көмірқышқыл газының осылай артуы жердің жылыну процесін жеделдетіп, экожүйелер мен климаттық тепе-теңдікке айтарлықтай қауіп төндіретінін ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы