Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында азаматтарды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Азаматтарымызды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырамын. Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты, - деді ол.Мемлекет басшысы бұл жыл коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс екенін қадап айтты.
Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп санаймын, - деп қорытындылады Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін иммундау қарқыны бойынша Қазақстан көшбасшы мемлекеттерден едәуір артта қалғанын мәлімдеген болатын. Ол сонымен қатар, елдегі жағдайдың мүшкіл екенін де жеткізді.