АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Америка Құрама Штаттары есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген кемелерге шабуыл жасауды жалғастыратынын және санкциялар аясында кемелерді ұстайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол бұл мәлімдемені жексенбі, 4 қаңтарда NBC News арнасының Meet the Press бағдарламасына берген сұхбатында жасады.
Егер есірткі тасымалдайтын кемелер Америка Құрама Штаттарына қарай жүзуге тырысса, оларға шабуыл жасауды жалғастырамыз, – деп түсіндірді Рубио. – Сот шешімдері негізінде санкциялар аясында кемелерді ұстауды жалғастырамыз.
Ол Вашингтон бұл әрекеттерді жалғастыруды және АҚШ қажет деп санайтын мәселелер шешілгенше басқа шараларды қабылдауды көздеп отырғанын қосты.
Біз есірткі саудасымен айналысатын ұйымдармен соғысып жатырмыз. Бұл Венесуэлаға қарсы соғыс емес, – деп атап өтті ол.
Америка Құрама Штаттары Трамп әкімшілігі есірткі тасымалдайды деп мәлімдеген кемелерге бірнеше рет шабуыл жасады, сондай-ақ Венесуэла маңында бірнеше мұнай танкерлерін ұстады.
Сенбі күні Америка Құрама Штаттары Венесуэлаға қарсы операция бастап, президент Николас Мадуро мен оның әйелін астана Каракаста тұтқындады. Жексенбіде Мадуроның Бруклиндегі тергеу изоляторына жеткізілгені жарияланды.
Венесуэла президентінің тұтқындалуы туралы айта келе, АҚШ президенті Дональд Трамп Америка құрлығын басқа державалардың араласуына жабық аймақ деп жариялайтын Монро доктринасын еске алды.
Трамп сонымен қатар "Америка Құрама Штаттарының барлық жауларын" Венесуэладағыдай операциямен қорқытты.
Дүйсенбі, 5 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Венесуэла бойынша төтенше отырыс өткізеді.