Бұл саяси шешім – Сарапшы өлім жазасын жою бойынша заңға қатысты пікір білдірді

30 Желтоқсан 2021, 12:32
1272
Бөлісу:
Бұл саяси шешім – Сарапшы өлім жазасын жою бойынша заңға қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі хартияның атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова бүгін ҚР Президенті қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде 2004 жылдан бастап өлім жазасына моратория жарияланып келеді. Яғни бізде өлім жазасы жоқ десек те болады. Ал бүгін Президент жаңа заңға қол қойып, оны толықтай алып тастады. Шешімді толық қолдаймын, бұл саяси шешім. Себебі Қазақстанда адамды өлім жазасына кесетіндей аса ауыр қылмыс болмайды. Бұны аса ауыр қылмыс туралы статистиканың өзі айтып тұр. Сондықтан да өлім жазасын қалдырудың еш мәні жоқ. Есесіне өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар. Осының өзі жеткілікті. Жалпы өлім жазасын алып тастау мәселесін мен сала маманы ретінде сонау 1995 жылдан бастап түрлі алаңдарда көтеріп келемін, – деді Жеміс Тұрмағамбетова.

Оның айтуынша, бүгінде әлемнің 100-ге жуық мемлекеті өлім жазасын алып тастаған.

Бұрынғы кеңес одағына мүше елдер ішінде Қазақстан мен Беларусьта ғана өлім жазасы бар еді. Енді тек Беларусь мемлекеті қалып отыр. Тағы бір айтып өтетін жайт, кейбірлеулер өлім жазасын алып тастауға қарсы болып жатады. Осы тұста айтарым, қылмыс үшін адамға өлім жазасын белгілеу немесе оның күшін жою тек қана соттың үкімі емес, бұл мемлекеттің саяси шешімі. Ал ел тағдырына қатысты саяси шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Біздің бұрынғы «Жеті жарғыны» алайықшы, онда өлім жазасы деген жоқ. Құнын өтеу деген бар. Ол дегеніміз малмен, зат немесе ақшалай құнын өтеу. Одан бөлек, қазақта адамды кешіре білу деген жақсы қасиет бар, – дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы өлім жазасын жою мәселесі бойынша заңға қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы