Алматыда Райымбек пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында куәгерлер ер адамның мүгедек арбасында отырған адамды ұрып жатқанын видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 8 шілдеде күндізгі уақытта болған.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда ер адамның арбада отырған адамды бірнеше рет ұрғаны анық көрінеді. Оқиғаға араласқан тұрғындар не себепті бұлай жасап жатқанын сұраған. Ол "бұл — менің әкем" деп жауап берген.
Бұл оқиға желі қолданушылары арасында жаппай ашу-ыза туғызды. Көпшілік ер адамның туыстығына қарамастан, жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған видеоға қатысты тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
Оқиғаға қатысушылар анықталып жатыр. Қарт адамға, әсіресе мүгедек арбасында отырған адамға күш көрсету ешбір жағдайда ақталмайтын әрекет. Ер адамның іс-әрекетіне заң аясында нақты баға беріледі, – делінген ресми мәлімдемеде.
Қазіргі таңда ер адамның жеке басы мен оқиғаның мән-жайы анықталуда.