Букмекерлерде тыйым салынған тұлғалардың бірыңғай базасын құру ұсынылды

25 Қаңтар 2019, 13:15
2748
Бөлісу:
Букмекерлерде тыйым салынған тұлғалардың бірыңғай базасын құру ұсынылды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін "Нұр Отан" партиясы өткізген Қазақстандағы құмар ойындары мәселесіне қатысты дөңгелек үстелде «Ренессанс» халықаралық ассоциациясының директоры Сергей Мавляев алдын алуға арналған бірнеше ұсыныс тастады.

Ассоциация нашақорлық, алкоголизм, құмар ойындарға тәуелділікті сауықтырумен айналысады. Құмар ойынға әуестік салдары жұмысынан айырылуға, ажырасуға, қаржылық қиындықтарға әкеп соғады. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмағандар да зардап шегеді.

«Мектеп пен ЖОО-да букмекерлік ұтыс тігу мен құмар ойындарының зардаптарын алдын алу бағдарламасын енгізу; букмекерлік ұтыс тігу саласында қызмет көрсететін мекемелердің жарнамасын шектеу; букмекерлік кеңселерге келушілердің жас санаттарына байланысты шектеу қою; өз өтінішімен немесе жақын туыстарының өтінішімен букмекерлік кеңселерге, ломбард, микрокредиттік ұйымдарда әрекет етуге тыйым салынған тұлғалардың бірыңғай базасын құруды ұсынамын. Осындай мәселеге тап болғандар өмірін бақылаудан қалады және бар ақшасын букмекерік кеңселер мен казиноға салады. Бұдан оның жақын туыстары да зардап шегеді», - деді Мавляев.

Ол ойынға құрмарлықты мемлекеттік деңгейде білікті мамандарды тарту арқылы емдеу әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ сенім телефонын құруды ұсынды.

Бүгінде «Ренессанс» бөлімшелері Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында жұмыс істейді. Оның айтуынша, сауықтыру және бұрынғы өмір салтына қайтару қажырлы еңбекті қажет етеді. Өкінішке қарай, оның нәтижесі әрдайым жақсы бола бермейді. Емделгісі келетіндер көп, бірақ бәрінің бірдей қаржысы жоқ, себебі олар ақшаларын құмар ойындарға жұмсап бітірген.

«Құмар ойынды әдетте айналдырып оған тәуелді болу, алкаголь және нашақорлыққа тәуелді болумен тең. Құмарлықтың өзіндік белгілері бар. Біздің ассоциация құмар ойынға тәуелділікті сауықтырумен айналысады. Осы тұрғыда айтарым ойынға құмарлықтан емделу біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Жүргізген арнайы мониторинг нәтижесінде 2015 жылдан бері Алматы қаласында құмар ойынның тұзағына түскен 266 көмек сұрады, Қарағанды қаласы бойынша 2018 жылдан бастап 7 адам және Астана қаласы бойынша 2017 жылдан бастап 46 адам өтініш білдірді», - деді «Ренессанс» халықаралық ассоциациясының директоры.

Оның айтуынша, құмарлықтан арылтуға арналған сауықтыру процесіне 2 айдан 1 жылға дейінгі уақытты талап етеді және бір айлық емделу курсы шашамен 300 мың теңгені құрайды.

Назерке АБИБУЛЛА
Өзгелердің жаңалығы