БҚО бухгалтер бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаратөбе аудандық соты мемлекеттік мекеменің қаражатын жымқырған есепшіге үкім шығарды.
Соттың үкіміне сәйкес ол 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан және сол мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандық прокуратурасымен есепшінің мекеме басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасын заңсыз қолданып, 7 млн теңгеге жуық қаражатты жымқырғаны анықталды.
Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі 1-тармағымен (өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ірі мөлшерде жымқыру және талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Келген шығынның 1 млн астамын ғана қайтарған сотталушы сот процесінде жымқырған қаражатты құмар ойындарға жаратқанын айтты. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген хабарламада.