Бүгіннен бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстері екі есе артады

13 Мамыр 2022, 11:13
1502
Бөлісу:
Бүгіннен бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстері екі есе артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерінің саны 13 мамырдан бастап 124-ке жетеді.

Бұл туралы  ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл туралы Анкарада өткен президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Ердоғанның кездесуі барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Бүгінде әуеқатынастары бойынша үкіметаралық келісім негізінде елдер арасындағы тұрақты рейстердің жиілігі бойынша аптасына 61 жолаушылар рейсі орындалады. Енді 13 мамырдан бастап ұшу саны аптасына 63 рейске артпақ. Сәйкесінше, елдер арасындағы апта сайынғы рейс саны 124-ке дейін өсетін болады.

Биыл 13 мамырдан бастап Анталия және Бодрум бағыттарында қатынайтын Air Astana, SCAT, Turkish Airlines әуекомпанияларының рейс саны біртіндеп артатын болады. Қосымша рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Өскемен арқылы іске асырылады, – деді Қайырбек Өскенбаев.

SCAT Анталияға аптасына 29 жаңа рейсті Нұр-Сұлтан (аптасына 7 рейс), Алматы (6), Ақтөбе (3), Атырау (3), Шымкент (2), Қарағанды (2), Орал (2), Қостанай (2), Ақтау (1), Өскемен (1) қалаларынан жүзеге асырады. Ал Air Astana Нұр-Сұлтан және Алматыдан Анталия (7 рейстен) мен Бодрумға (2 рейстен) аптасына 18 рейс жасамақ.

Turkish Airlines Анталияға аптасына 16 рейсті Нұр-Сұлтан (5 рейстен), Алматы (4) және Қарағандыдан (3) және Бодрумға Нұр-Сұлтан (2 рейстен) мен Алматыдан (2) орындайды.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, 2022 жылғы мамырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мемлекеттер арасындағы әуетасымалын одан әрмен арттыру мен ұшу географиясын кеңейту бойынша екі елдің әуе билігі өкілдерінің келіссөз жүргізуі ұсынған. Бастама қолдау тауып, келіссөздер осы жылдың шілдесінде Ыстамбұл қаласында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы