Бүгінгі мемлекеттік сапарға ерекше мән беремін – Юн Сок Ёль

12 Маусым 2024, 12:04
580
Бөлісу:
Бүгінгі мемлекеттік сапарға ерекше мән беремін – Юн Сок Ёль
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы Ақордада Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірінші кездесуіміз өткен жылы қазан айында Нью-Йоркте өтті. Сіздерді Астанада қайта көргеніме өте қуаныштымын. Биыл біз Оңтүстік Корея Республикасы мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің орнағанына 15 жыл толуын атап өтеміз. Сондықтан мен қазіргі мемлекеттік сапарға ерекше мән беремін. 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері Корея Республикасы мен Қазақстан соңғы 32 жыл ішінде екіжақты қарым-қатынаста айтарлықтай дамуға қол жеткізді, - деді Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда көптеген корейлік компания Қазақстан нарығында орын алып, экономиканың, өнеркәсіптің дамуына және мемлекеттік инфрақұрылымның кеңеюіне өз үлесін қосуда.

Біз ынтымақтастығымыздың көкжиектерін кеңейтіп жатырмыз. Оның ішінде маңызды минералдық ресурс саласы, екі ел арасындағы экология, білім және медицина саласындағы ынтымақтастық дамып келеді. Мемлекеттік сапар қарсаңында Корея Республикасының үкіметі Кореяның Орталық Азияға қатысты бірінші дипломатиялық стратегиясын, Корея Республикасы – Орталық Азия – Жібек жолы ынтымақтастық бастамасын жариялады. Корея Республикасы Қазақстанмен бірге жарқын, әрі гүлденген болашаққа қарай алға жылжуға ниетті. Президент Тоқаев мырзаға және Қазақстан халқына біздің делегацияны жылы қарсы алғаны үшін тағы да шынайы алғысымды білдіремін, - деді Юн Сок Ёль.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея президентінің елге келуін "тарихи оқиға" деп бағалайтынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы