Бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталды. Ораза 1 наурыздан 29 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Қандай дұғалар оқу керек?
Сәресіде айтылатын дұға:
نَوَيْتُ أنْ أصُومَ صَوْمَ شَهْرٍ رَمَضَانَ مِنَ الْفَجْرِ إِلَى الْمَغْرِبِ خَالِصًا لِلَّهِ تَعَالَى
Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».
Мағынасы: “Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім”.
Ауызашарда оқылатын дұға:
اللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ ذَهَبَ الظَّمَأُ وَابْتَلَّتِ الْعُرُوقُ وَثَبَتَ الْأَجْرُ إِنْ شَاءَ اللهُ
Оқылуы:«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту. Зәхәбә Зома уәбтәллатил-‘уруқ уә сәбәтал-әжру ин шәә Алла».
Мағынасы: “Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды”.
Ауызашарда дұғаны арабша жасау міндетті ме?
Дұғаны арабша жасау міндетті емес. Біздің өзіміздің қиыры көрінбейтін, терең мағыналы, әр сөзінде нәрі мен нұры төгіліп тұратын тіліміз бар. Сол сөздерімізбен қазақша айта беріңіздер. Тілектеріңіз қабыл болсын. Бекіткен кезде ниетті жүректен жасаса жеткілікті, бірақ ауызбен айтқан сауапты болады, - дейді Нұрлан имам.
Ораза - бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді.
Сәресін ішу таң намазының уақыты кіруіне 10 минут қалғанда тоқтатылады. Ораза тұту – мұсылман қауымының бес парызының бірі.
Биылғы пітір садақасы жан басына 655 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге болады.
Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан жүктеп алуға болады.