Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар маңызды заңға қол қойды. Осыған байланысты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы қол қойған заңдарға түсіндірме бере кетіпті.
Атап айтқанда:
1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына;
2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға.
Төмендегі түзетулер енгізілді:
✓ Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауын енгізу: «Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жиырма бес жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан төрт жыл мерзімге лауазымға сайлайды».
✓ Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру: «Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі;
✓ Сайлауда саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді.
3) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.
Төмендегі түзетулер енгізілді:
✓ Кредиттік бюроларда кредит тарихтарын сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту: «Кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісіне қатысты ақпараттың сақталуын ол туралы соңғы ақпарат алынған күннен кейін 5 жыл бойы қамтамасыз етеді».
✓ Коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады. Сондай-ақ олар борышкерлермен кез келген өзара әрекеттесу процессінің бейне және аудио жазбасын жүргізуге міндеттеледі.
4) «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.
Төмендегі түзетулер енгізілді:
✓ 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын нақтылау мақсатында әзірленді;
✓ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмаларды, сондай-ақ, коронавирус індетіне қарсы күрес шараларын іске асыруға бағытталған.