Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін халық жазушысы, қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған күні. Саналы ғұмырын жазу-сызуға арнаған ағамыз 97 жасқа толып отыр, деп жазды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Қаламгердің ғұмыр жолына қарап отырып, ұлт тарихының өткен ғасырдағы тұтас тарауларын көруге болады. Әбекең бала күнінде тәркілеу, ашаршылық сияқты зобалаңдарды басынан өткерді. Он сегізге толар-толмас шағында соғысқа аттанды. Осының бәрі кейін жазушының шығармашылығына арқау болды.
Шын мәнінде, суреткердің қаламынан туған дүниелер – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған қымбат қазына. Оның ішінде «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарының шоқтығы биік, - деп жазды Мәулен Әшімбаев.
Бұл шығармалар қашанда әр буынның сүйіп оқитын туындылары болып қала береді.
Ағамыз шығармаларының басым бөлігін кеңестік кезеңде жазғаны белгілі. Дегенмен, тәуелсіздік алған тұста да ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтуге зор еңбек сіңірді. Қазақ ПЕН-клубын құрып, оның жанынан «Таң-Шолпан» атты әдеби журнал ашты. Бұл егемендіктің елең-алаң шағында жаңа заманға бейімделе қоймаған қаламгерлер үшін үлкен қолдау болды. Осылайша Әбекең әдебиетке деген адалдықтың озық үлгісін көрсетті.
Жалпы, Әбдіжәміл аға туралы айтқанда, оның табандылық, ірілік, өрлік қасиеттеріне тоқталмай кету мүмкін емес. Расымен, ағамыз бұралаңы көп өмір жолында ешқашан өз биігінен төмендеген емес. Қашанда асқақ, ақсүйек, кербез қалпын сақтай білді.
Ардақты Әбе! Туған күніңізбен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық және амандық тілеймін! Елдің ықыласына бөленіп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз, - деді ол.